Футболды дамытуға ақша бөлінсе де, жаттығуға жағдай жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Футболды дамытуға ақша бөлінсе де, жаттығуға жағдай жоқ

31.03.2021

Жас футболшыларды дайындауға бюджеттен 600 миллион теңге бөлінсе де, жаттығуға мүмкіндік жоқ. Өскемендегі жасөспірімдер облыс орталығындағы футбол стадионына кіре алмай, саябақтағы алаңды жағалап жүр. Жаттықтырушылар да жаңа жылдан бері жалақы алмаған.  

Шығыстың бас шаћарында, орта есеппен, 500-ге жуық жас футболшы бар. Олардың көбі- «Алтай» футбол клубының тәрбиеленушілері. Қыс бойы жаттығулар өткен спорт залының ақшасын ата-аналар өз қалтасынан төлеген. Наурыз айынан балалар қалалық стадионда жаттығуы тиіс еді, бірақ биыл ол жерге кіруге рұқсат жоқ.    

Гүлнәзия Садықова, қала тұрғыны:
Күзден сәуір айына дейін олар кішкентай спорт залдарда жаттығады. Ал жазда дайындалуға 3-4 ай ғана мүмкіндіктері бар. Сол мүмкіндіктен айырылып қалайық деп тұр, балалар. 

Айдар Сахариев, қала тұрғыны:
Облыстық «Алтай» командасында өзінің ойын алаңы да жоқ. Мына алаңды олар жалға алады. 

Ата-аналар көп жарысқа балаларды өз күшімізбен апарамыз деп шағымданды. Спорттық киім және жабдықтарды да өздері сатып алады. Ал бюджетте өңірде футболды дамытуға қомақты қаржы қарастырылған. Ол ақша тендердегі ашық байқау әдісімен беріледі.  

Азамат Қалиев, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының мемлекеттік сатып алу жөніндегі менеджері:
Байқаудың сомасы шамамен 600 миллион теңге. 2019-2020 Шығыс қазақстандағы «Алтай» футбол клубы» ЖШС ұтып алған. Биылғы байқаудың процедуралары әлі өтіп жатыр. 

Жаттықтырушылардың да көңіл күйі жабырқау. Жаңа жылдан бері еңбекқақы төленбеген. 

Андрей Пустовалов, жаттықтырушы:
Жалақыны соңғы 3 айдан бері алмадық. Жалпы, жыл басында үнемі кешіктіріп беретін. Біз өз ісімізді жақсы көреміз, өзім де мына стадионда 9 жасымнан жүрмін. Сондықтан басшылықтың тендерді ұтайық, шыдаңдар деген сөзін түсінуге тырыстық. Бірақ биыл жағдай тіпті қиындап кетті. 

Жақында футболдан жастар арасында республикалық чемпионат басталады. Сол себепті де жаттығуды күшейте түскен өскемендік өрендер саябақтың спорт алаңында өтетін дайындыққа түгел келіп жүр. Алайда аламаннан құр қаламыз ба деген алаң басым. 

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу