Ұлыбритания азаматтарының тамызға дейін өзге елдерге еркін саяхаттауы екіталай. Бұл жөнінде жергілікті билік өкілдері хабарлады. Локдауннан шығу туралы бұған дейін жарияланған жоспарға сәйкес британиялықтарға шетелге шығуға 17 мамырдан бастап рұқсат етілген болатын. Бірақ кейіннен дәлелді себепсіз шекара кесіп өткендерге 5 мың стерлинг фунты көлемінде айыппұл салынатындығы туралы жаңа заң қабылданды. Бүгін күшіне енген заң 30 маусымға дейін жалғаспақ. Бірақ тамыз айына дейін ұзартылуы да мүмкін. Өйткені әлемде коронавирусқа байланысты жағдай күрделі.
Бүгінде шетелге жұмыспен, білім алуға, үйлену тойына және жерлеу рәсіміне қатысу үшін ғана шығуға рұқсат етіледі. Елге оралған соң британиялықтар 10 күн оқшауланып, 2 рет өз есебінен ПТР-тест тапсырулары қажет. Ал қызыл тізімдегі қауіпті аймақтардан келгендер үшін қойылатын талап тіпті қатаң - олар арнайы белгіленген қонақ үйлерге оқшауланулары тиіс. Ол да өз есебінен.
Бен Уоллес, Ұлыбританияның қорғаныс министрі:
Премьер-министр шетелдік сапарлар туралы нақтысын сәуір айының басында хабарлайтын болады. Меніңше, біз өзге елдерде не болып жатқанына назар аударуымыз керек. өкінішке қарай, коронавирустың жаңа толқындары пайда болып, жағдай мәз болмай тұр.
Марина Бикенова