Басты Жаңалықтар Ел жаңалықтарына шолу

Ел жаңалықтарына шолу

Қазақстандықтар несиеден 14 күн ішінде айыппұлсыз бас тарта алады

Қазақстандықтар несиеден 14 күн ішінде айыппұлсыз бас тарта алады. Бұл норма Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген банктерге қойылатын жаңа талаптарда көзделген. Жаңа ереже кепілсіз несиеге және онымен бірге рәсімделген ерікті сақтандыруға қатысты. Алайда алынған несиеден бас тарту толығымен тегін болмайды. Қарыз алушы ақшаны нақты пайдаланған күндер үшін есептелген сыйақыны төлеуге тиіс. Сақтандырудан бас тартқанда оның пайдаланылған мерзіміне байланысты сыйақының бір бөлігі ұсталып қалуы мүмкін. Банктер клиентке бұл құқық туралы алдын ала түсіндіруге және қарыздан бас тарту рәсімін жеңіл әрі қолжетімді етуге міндетті.  
Банктерге жарнамадағы маңызды ақпаратты ұсақ әріппен жазуға тыйым салды
Банктерге жарнамада маңызды ақпаратты ұсақ әріппен жазуға тыйым салынады. Яғни сыйақы мөлшерлемесі, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі, тариф, комиссия сынды шартта көзделген басқа да төлемдерді жарнамада жасыруға болмайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық өнімдерді жарнамалауға қойылатын жаңа талаптарды енгізді. Құжатқа сәйкес, кез-келген адамға түсінікті тілде берілуі тиіс. Мәтіндік жарнамада тәуекелдер туралы ақпарат көзге анық көрініп, оқуға ыңғайлы болуы қажет. Бұл талап қаріптің өлшеміне және ақпараттың экранда көрсетілу ұзақтығына да  қатысты. Аудиожарнамада ескертулер мен шектеулер тыңдаушы оларды толық түсіне алатындай қарқынмен айтылуы тиіс.

Қатерлі ісік пен инсультті ЖИ анықтауда
Қатерлі ісік пен инсультті жасанды интеллект анықтауда. Астанананың ауруханалары ақылды технологияның мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануда. Диагностика дәлдігін арттырып, дәрігерлердің жүктемесін азайтатын жасанды интеллект шешімдері енгізіліп жатыр. WDSOFT жүйесіне елорданың 19 медициналық ұйымы қосылып, радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру жолға қойылды. Жүйе патологиялық өзгерістерді анықтап, онкологиялық ауруларды ерте диагностикалауға мүмкіндік береді және диагноз қою уақытын 10 минутқа дейін қысқартады. Сонымен қатар инсультті автоматты диагностикалайтын Cerebra жүйесі Астанадағы үш инсульт орталығына енгізіледі.
Елордалық ағайынды шахматшылар Азия Чемпионы атанды
Елордалық ағайынды жас шахматшылар азия чемпионы атанды. Ағайынды Алдияр Жауынбай мен Әлімжан Жауынбай Сингапурда өткен  халықаралық шахмат чемпионатында төрт медаль иеленді. Оның үшеуі алтын, біреуі күміс. Бұл жөнінде Елорда әкімдігінің ресми сайтында жарияланды. Алдияр мен Әлімжан Жауынбай – KazChess дарынды жастарды қолдау бағдарламасының қатысушылары. Бағдарлама жас шахматшылардың кәсіби шеберлігін арттырып, халықаралық жарыстарға жүйелі түрде дайындалуына мүмкіндік береді.

Бөлісу