БҚО-да инфекциялық ауруханалар 60 процентке толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да инфекциялық ауруханалар 60 процентке толды

29.03.2021

Атырау облысында эпидахуал ушығып барады. Өңірде 14 мектептен індет анықталып, екі сынып карантинге жабылды. Шымкент қаласында да вирустың таралуы бәсеңдер емес. Бір тәулікте 45 адам COVID-ке шалдықты. Ал, 2 аптадан бері «қызыл» аймақта тұрған БҚО-да инфекциялық ауруханалар 60 процентке толды.

Бес күн бойы «қызыл» аймақта тұрған Атырау облысында карантин талаптары күшейтілді. Базарлар мен ірі сауда орындарына жексенбі күні жұмыс істеуге тыйым салынды. Мәдени нысандар мен кинотеатрлардың қызметі доғарылды. Соңғы екі аптада өңірде 500-ге жуық тұрғын індетке шалдықты. 410 науқас емделіп жатыр. Оның жартысынан көбі - Теңіз кенішіндегі жұмысшылар. 10-ы ауыр халде. Коронавирус оқушылар арасында да тарай бастаған. 14 мектептен инфекция анықталып, бір мектептің екі сыныбы карантинге жабылды.

Амантай Жұмағалиев, облыстың бас санитарлық дәрігерінің орынбасары:
Оқу бітіретін 9-11-12 класстар 70 процентке дайын штаттық режимде, қалғандары 30 проценті онлайн режимде оқиды. Бірақ барлығы да бір кабинеттік жүйеде оқиды.

Шымкент қаласында короновирусқа шалдыққандар саны күрт артты. Мегаполисте соңғы бір тәулікте 45 адам ауруханаға түскен. Эпидемиологиялық ахуалдың ушығып кетуіне сақтық шараларына салғырттық таныту себеп болып отыр. Осыны қатаң ескерткен қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы шаћар тұрғындарына бейнеүндеу жариялады.

Бақытжан Позилов, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Өте көп науқастар түсіп жатыр. Сіздерден біздің талабымыз адамдар көп шоғыраланатын жерге бармау керек. Той томалаққа бармау қажет. Маска тағып жүрсеңіздер болды. Міне осы үш-ақ нәрсе.

Батыс Қазақстан облысы 13 күннен бері «қызыл» аймақта. Инфекциялық ауруханалар 60 процентке толды. Бұл – ел бойынша ең жоғары көрсеткіштің бірі. Тәулігіне 100-ге жуық адамның індетке шалдыққаны анықталды. Жағдай, мереке күндерінен кейін ушыққан. Сондықтан бас санитар дәрігер карантиндік шараларды 16 сәуірге дейін ұзартуды ұсынды.

 Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу