Алексей Цой Алматыдағы эпидахуалмен танысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алексей Цой Алматыдағы эпидахуалмен танысты

26.03.2021

Бүгін Алматыға жұмыс сапары барысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавируспен күрес жөніндегі штабтың көшпелі отырысын өткізді. Жиында министр қаладағы эпидемиологиялық ахуалмен танысты. Бірінші кезекте коронавирус инфекциясымен күрестің тиімділігін арттыру бойынша міндеттер қойды. Әсіресе, жедел резервтік аурухана қуатын арттыру, науқастар санының өсуін бақылау алгоритмдерін әзірлеу қажеттігі айтылды. Сапар барысында министр қаладағы ірі стационарлардың бірі - №7 көпбейінді клиникалық ауруханада және №4 қалалық емханада болды. Сала басшысы жағдайы ауыр науқастарға медициналық көмек көрсетуде тәжірибесі мол елдердің ең үздік дәрігерлерімен кеңесу керектігін де атап өтті. Сондай-ақ министр халықты жаппай вакцинациялаудың маңыздылығына да тоқталды.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Біз вакцинациялаудың алғашқы кезеңін өте жоғары дайындықпен әрі аса үлкен сақтықпен жүргізіп бастадық. Халық екпенің пайдалы, маңызды екенін түсінді. Қазір бізге қашан салады деп жан-жақтан сұрап жатыр. Десе де, вакцинацияның оң әсері туралы түсіндіру жұмыстарын әлі де күшейту маңызды. Бұл вирустың таралуымен күресудің қауіпсіз, тиімді, бастысы жалғыз тәсілі.

Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу