Талдықорғандық кәсіпкерлер тауардың ілеспе құжаттарына қарсылық білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорғандық кәсіпкерлер тауардың ілеспе құжаттарына қарсылық білдірді

17.03.2021

Талдықорғандық кәсіпкерлер қаржы министрлігі мен салық органдарының бастамасына наразылық білдіріп дүкендерін жауып тастады. Олар тауарлардың ілеспе құжаттарын, виртуалды қойма рәсімдеуге және 2D сканер орнатуға түбегейлі қарсы. Бастама әзірге пилоттық режимде іске қосылғанымен бизнес өкілдері қазірден үрейленіп отыр.

Еділ Қазақбаев жаңа талаптарды орындауға айлық табысым жетпейді деп отыр. Тауарларға ілеспе құжат жасап, виртуалды қоймада рәсімдеу үшін сатушыдан бөлек есепші мен оператор жалдауына тура келеді. Бүгін ол өзі секілді 100-ден астам кәсіпкермен бірге наразылық ретін де дүкенін бір күнге жауып тастады.

Еділ Қазақбаев, жеке кәсіпкер: 
Жеке кәсіпкер өздері істейді, өздері сауда жасайды. Бухгалтер ұстауға біздің мүмкіншілік жетпейді.

Осындай шағымдар ұлттық кәсіпкерлер палатасына көптеп түсіп жатыр. Жаңа жоба 1 шілдеге дейін пилоттық режимде жұмыс істейді. Сондықтан жүйені дұрыс толтырмағандарға жаза жоқ. Дегенмен, электронды жүйе де, шағын кәсіпкерлер де мұндай өзгеріске әзір емес дейді Кәсіпкерлер палатасының өкілі.

 Асқар Қысықов, «Атамекен» ҰКП жауапты хатшысы: 
Кәсіпкерлер ілеспе құжат толтыру қосымша жүк екенін, виртуалды қоймада жұмыс істеу қиын екенін айтады. Жүйе дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ. Карантин кесірінен онсыз да әлсіреген бизнес кедергіге тап болмақ. Сондықтан жобаны келер жылға дейін шегеруді сұраймыз.

Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері тауарды виртуалды қоймаға тіркеу көтерме саудамен айналысатындар үшін міндетті дейді. Ал тауарды тұтынушыға тікелей сататын шағын дүкендер касса аппаратынан әр тауарға фискалды чек шығарса жеткілікті.

Айнұр Сартаева, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары: 
Жеке кәсіпкерлікпен айналысып жатса онда олар тауарларға ілеспе жүк құжаттарды рәсімдемей жеке адамдарға сатқан жағдайда оның барлығы автоматты түрде жүйеде есептен шығарылады.

Ілеспе құжат әзірлеудің басты мақсаты дүкендерге тек сапалы тауарлардың жеткізілуін қамтамасыз ету. Сондай-ақ, көлеңкелі экономиканың алдын алып, салық түсімін арттыруға жол ашу.

 Алма Бекболсынова,  салықтық кеңесші: 
Халықаралық деңгейде бұл тауарды бақылау жүйесі деп аталады. Яғни, тауарды кім, қайда өндірді, елге кім әкелді, құрамында не бар, көшірме немесе контрабандалық жолмен келген жоқ па? Осының барлығы айқын көрінеді. Мұндай жүйенің енгізілгені дұрыс. Тек, асықпау керек.

 Осылайша бизнес өкілдері ілеспе құжат әзірлеу жобасы кемінде жыл соңына дейін пилоттық режимде жұмыс істеуі керек дейді. Сонда, жаңа жүйенің бар кемшілігі анықталып, оларды ретке келтіруге мүмкіндік болады.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу