Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілгеніне 1 жыл толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілгеніне 1 жыл толды

16.03.2021

Осыдан тура бір жыл бұрын Президент Жарлығымен елде төтенше жағдай енгізілді. Бұл – коронавирус індетінің жаппай таралмауы үшін қабылданған шешім. Қатаң тәртіптегі шектеу екі айға дейін созылды. Одан кейін бірнеше рет локдаун жарияланды. Содан бері қазақстандықтар «вирус әкелген өзгерістерге» бейімделуде.

Індетке еш шекара бөгет бола алмады. Беталысы жаман еді. Сол қарқынмен шартарапты шарпыды. Былтыр наурыздың 13-інде бізде алғашқы екі жағдай тіркелді, ізінше 16 наурызда төтенше жағдай енгізілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бәріміздің азаматтық жауапкершілігіміз осындай сәтте сыналады. Біз экономикалық жағдайды басты назарда ұстаймыз. Мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындайды.

Қатаң карантин індеттің таралуын толық тоқтатпағанмен, тежеді. Вирус лезде жұғады, сондықтан халық екі айға жуық оқшауланды. Яғни, жұмыс ішінара, оқу толықтай онлайнға көшті. Тек тіршілікті қамту мекемелері, дәріхана ж әне азық-түлік дүкендері ғана ашық тұрды. Тұрғындарға себепсіз үйден бір қадам аттап шығуға тыйым салынды. Екі ірі мегаполис – Алматы мен Елорда аумағына кіріп-шығуға шектеу қойылды. Тас бөгеттер орнатылды. Жер мен көктегі тасымал толық тоқтады.

Мемлекет халықты оқшаулаумен қатар қолдау да көрсетті. Табыссыз қалғандарға әлеуметтік төлем жасалды. Көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен қарттарға, мүгедектерге азық-түлік себеттері үлестірілді. Коммуналдық төлемдері өтелді. Кәсіпкерлерге де барынша көмек берілді. Салықтан босады, жеңілдетілген несие қарастырылды. Осындай қатаң карантиннің арқасында қауіптің беті қайта бастады. Шектеу шаралары жеңілдеді. Бірақ, халықтың санитарлық талаптарды тиісті дәрежеде сақтамауы салдарынан вирусты жұқтыру 7 есеге бірақ өсті. Өңірлерде жағдай тіпті қиындаған еді. Науқастарға төсек орындар жетпеді, мамандар жоқ. Дәрі-дәрмек тапшы. Шаруаны ширатудың орнына шатқаяқтатып алған шенділер шетінен жазаланды. Кейін төтенше жағдайды локдаун алмастырды. Яғни, жаппай оқшаулау орнына тек қауіпті аймақтарға шектеулер енгізілді. Нәтижесінде, кәсіпкерлік нысандары аса сақтықпен жұмысын ішінара жалғастыруға мүмкіндік алды.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу