Пандемиядағы оқу сапасының кемшілігін жою бағдарламасы жүзеге асады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Пандемиядағы оқу сапасының кемшілігін жою бағдарламасы жүзеге асады

11.03.2021

Білім беру саласында 2025 жылға қарай оң өзгерістер болуы тиіс. Балабақшадан бастап, мектеп және университеттер кәсіби негізде 100 пайыз жаңартылады. Осы ретте Үкімет басшысы сала министрлері мен әкімдерге жұмысты жүйелі атқаруды тапсырды.

Онлайн оқу – оқушылардың үлгерімін ақсатты. Пандемия салдарынан сапаға қатысты сын көп. Енді ол кемшіліктерді жою үшін арнайы бағдарлама жүзеге асады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
Оқулықтардың құрылымы мен мазмұнына қойылатын бірыңғай талаптарды бекітеміз. Сарапшыларға курстар ұйымдастырылады, арнайы базасы қалыптастырылады. Үлгерім деңгейі төмен оқушыларға басымдық бере отырып, білімді қалпына келтіру шаралары жасалады.

Бұдан былай педагогикалық мамандыққа мықты түлектер ғана қабылданады. ҰБТ-ның шекті баллы 50-ден 75-ке дейін көтерілді. Есесіне ең үлкен стипендияны осы мамандықты таңдағандар алады. Айына 42 мың теңге. Ал, педагогтардың жалақысы 3 жылдан соң қайта өседі. 2 есеге. Барлық мектепте спортпен шұғылдануға жағдай жасалады. Үйірмеге жетекшілік еткен дене шынықтыру мұғалімдеріне ай сайын қосымша 17 мың теңге төленеді. Биылға да жоспар көп.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Облыстардың әкімдері 2021 жылы 200 мектеп уақытылы пайдалануға берілсін. Ол үшін инвесторларды белсенді тарту керек. Білім және ғылым министрлігі 25 наурызға дейін 5 мың ауыл мектептерін жаңарту бойынша жол картасын әзірлеуді тапсырамын.

Алдағы жылы мектепке дейінгі білім беруді қаржыландырудың ваучерлі түрі енгізіледі. Яғни, балабақша жұмысына ата-аналардың көңілі толуы, балалардың даму көрсеткіші, тамақтану сапасы ескеріле отырып бағаланады. Әкімдер биыл тағы 32 мың балаға орын бөлуі тиіс. Сөйтіп, бірте-бірте балабақшамен қамту мәселесі шешіледі.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
2-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтуды 2025 жылға қарай 95 пайызға қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл толықтай орындалады.

Дарынды жастар басқа елдерге кетіп жатыр. Солардың санын азайту мақсатында шетелдердегі мықты университеттерінің филиалдарын ашу жоспарланған. Өзіміздің де оқу орындары кәсіби негізде жаңартылады. Мемлекеттік білім гранттарының санын 50 пайызға көбейту көзделіп отыр. Сөйтіп, жыл сайын жас ғалымдарға мың грант бөлініп, 500 қазақстандық ғалым әлемдік ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтеді.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу