Ұлт жоспары қалай жүзеге асады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлт жоспары қалай жүзеге асады?

10.01.2016
Ұлт жоспары қалай жүзеге асады?
Жаңа қазақстандық арман – көшбасшы отыз ұлттың бірі болуды көздейді.

«Біз Тәуелсіздіктің 25-ші жылына жаңа Қазақстандық арманмен аяқ бастық». Бұл - Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі. Қазақстандық арман қандай? Заңы орындалатын, қоғамы тұрақты, технологиясы озық, жемқор емес, дәулетті, бақуатты, сауатты, қауқарлы, толерантты, демократиялық принциптерге адал мемлекет құру.

Бұл арманмен ғана бітетін іс емес. Іргелі 5 реформа. Оны орындаудың 100 қадамы. Сол 100 қадам жүзеге асуы үшін қажет, жаңа құқықтық орта қалыптастыру үшін қажет деп қабылданған 59 заң. Бұлар - тетіктер. Яғни, қазақстандық арманды жүзеге асырудың бағыты, бағдары, тәсілі, жоспары бар.

«Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол мақаласы» жарияланбас бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада кеңес өткізіп, жоспарды жүзеге асырудың практикалық кезеңі басталғанын айтты.

Былтырғы жыл жаһан үшін күрделі болды, соған қарамастан, Қазақстан экономиканы өсіммен қорытындылады. Ал, мешін жылынан да үмітсіз емеспіз. Өйткені, стратегиялық маңыздағы негізгі міндеттер нақтыланған.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жаңа жылдың басынан 5 институттық реформа іске қосыла бастайды. Барлық құжаттарды, заңдарды қабылдадық. Енді мұны іс жүзінде шығару үшін жұмыс істеуіміз керек.

Әрбір мекеме Президент әкімшілігі, Үкімет, Парламент, барлық әкімшіліктер жаппай жұмыс істеуі керек. Комиссияның жұмысын тоқтатпау қажет. Әр мекеме өз шаруасын бітіріп, соны қадағалап отыру керек.

Осының барлығын халыққа түсіндіру үшін мен тиісті мақала шығарамын жақында. Кедергі жасаған адамдардың барлығын маған айтып отыратын боласыздар. Ешкім кедергі жасамауы тиіс.

Заңды айтқан бағдарламадан шығып кетеміз деген шенеуніктер бар, ондайға жол бермеу керек.


Кеңесте Нұрсұлтан Назарбаев тың реформаларды уақытында әрі тиімді жүзеге асырудың маңызын айтты. Содан-соң Ұлттық комиссияға бірнеше тапсырма жүктеді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мемлекеттік қызметті жетілдіру жұмысын орталықта да, жергілікті жерлерде де жүргізу керек. Заң үстемдігін қамтамасыз ету аясында сот жүйесінің өзі де өзгерістерге бастамашы болуы қажет.

Сонымен қатар, Патриоттық акт қабылдау жоспарланып отыр, онда халық бірлігін, толеранттылық пен сенімді одан әрі нығайту жөніндегі қызметтің негізгі бағыттары көрсетіледі.

Сондай-ақ, есеп беруші мемлекет қалыптастыруға сәйкес, барлық деңгейдегі атқарушы билік халыққа есеп беріп отыруы тиіс. Жалпы алғанда, нәтижеге басшылар жеке жауап береді.

Бұл ретте, реформаларды көзбояушылыққа айналдыруға жол жоқ. Өзгерістерді жүзеге асыруға кедергі болатындар лауазымынан босатылады.


Ұлы мұраттар белгіленген ұлт жоспары қалай жүзеге асады? Заң шығарушы билік, атқарушы билік, құқық қорғаушы билік, ұлттық деңгейдегі институттар, азаматтық қоғам, мына сіз бен бізге жүктелген міндет қандай?

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен мақаласында осыларды тарқатып, талдап ой толғайды. Мақалада мәні толық ашылған 5 реформаның әр бағыты туралы әлі тарқатып айтамыз, әрине.

Бес институттық реформаны жүзеге асырудың жүйелі 100 қадамы. Бұл — іргелі елдің ілкімді стратегиясы. Жаңа қазақстандық арман – көшбасшы отыз ұлттың бірі болуды көздейді. Ол үшін әлбетте, алдымен мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру қажет.

Жалпы, барлық посткеңестік елдердің арасында мемлекеттік қызметшілердің жаңа кадрлық корпусын конкурс және меритократия қағидаттары арқылы қалыптастыруды қолға алған алғашқы елміз.

Мемлекеттік қызметті кәсібилендірумен қатар, жемқорлықпен күресті күшейтетін де жаңа заңдардың қабылдануы саладағы реформаларға тың қуат берді.

Жемқорлыққа қарсы жаңа заңнамамен өзара байланыста және сонымен қатарласа қабылданған мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң мемлекеттік қызметтің жаңартылған моделінің негізгі шеңберлерін және мемлекетті басқарудың барлық жүйесінің тиімділігін күшейту бойынша одан арғы іс-қимылдардың рет-тәртібін айқындайды.

Тәуелсіз сот төрелігі ғана емес, тұтас құқық қорғау жүйесі азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуі тиіс. Заңдар орындалып, қоғамдық тәртіп нығаюы үшін тиісті реформалар жасалып, бірқатар құжатқа өзгертулер енгізілді. Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюрийі түбегейлі қайта жасақталады.

Сонымен қатар, «Қылмыстық құқық бұзушылық картасы» интернет-порталын құру көзделген. Веб-ресурсқа елдегі барлық қылмыстық құқық бұзушылықтар жедел енгізіліп отырады.

Азаматтардың этикалық нормаларды бұзған полиция қызметкерлеріне қатысты арыз-шағымдарды қарайтын қоғамдық және консультативтік-кеңестік органдар жүйесін құру да қарастырылған.

Бәрінен бұрын, жаңартылған заңнамалар қоғамның сот жүйесіне сенімін арттыруға ықпал ететін болады. Әділдік нақ сотта салтанат құратыны белгілі. Қазақстан соттарын реформалаудағы темірқазық мәселе – сапалы судьялар корпусын жасақтау. Судьялыққа кандидаттарды іріктеудің қатаң тетігі мен оларға қойылатын жоғары біліктілік талаптары заң тұрғысынан қарастырылған.


Реформаның үшінші бағыты — индустрияландыру мен экономикалық өсімді қамтамасыз етуге қатысты жаңғыртулар жасау. Сол арқылы капитал ағынын ұлғайтып, көлеңкелі экономика деңгейін едәуір төмендету ойластырылған.

Атап айтқанда, салықтық әкімшілік жүргізуді оңайлату мақсатында қосымша құн салығының орнына сату салығы енгізіледі. Мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауы мен қорғауы Кәсіпкерлік кодексте толық көрініс тапқан. «Астана» Халықаралық қаржы орталығын құру алып адымдардың бірі болмақ.

Өндірістің өміршеңдігі мен жұмыс орындарын сақтау үшін төлеуге қабілетсіздікті сотқа дейінгі тәртіпте реттеудің жаңа тетігі жасалды. Ол борышкер мен кредиторға кәсіпорынды қаржылық сауықтыру мақсатында қайта құрылымдау мәселелерін бірлесіп шешуге мүмкіндік береді. Инвесторлар өздерінің шығындарын азайтуға, қалпына келтіруге мүмкіндік алады.

Келесі реформа — халқымыздың азаматтық біртектілігі мен біртұтастығын нығайтуға бағытталады. Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық бейбітшілік пен келісімнің мызғымастығын негізге алады. Сондай-ақ «Мәңгілік Ел» идеясы аясында қазақстандық патриотизді гүлдендіруге күш салады.

Біз біртұтас азаматтық, Мәңгілік Ел жалпыұлттық құндылықтары қағидатында, Тәуелсіздік жылдары ішіндегі біздің жетістіктерімізді жұмылдыру, сондай-ақ, үш тұғырлы тіл мәдениетін енгізу негізінде Қазақстан қоғамын дамыту арқылы ортақ біртектілік пен ел бірлігін нығайтуды мақсат етудеміз.

Транспарентті және қоғамға есеп беретін мемлекет қалыптастыру бүгінгінің талабы. Осы орайда, мемлекет функциялары болса, бәсекелес орта мен жергілікті өзін-өзі басқаруға беріледі.

Азаматтар мемлекеттік қызмет көрсетудің ортақ провайдеріне ғана өтініш береді. Бұл оларды ұсынудың мөлдірлігін қамтамасыз етіп, қажетсіз әкімшілік кедергілерді және сұрау салынатын құжаттар тізімін қысқартады.

Қызмет көрсететін мемлекеттік органдар корпорацияға өз өкілеттіктері шеңберінде барынша ықпал жасап, сондай-ақ, бүкіл мемлекеттік қызмет көрсетулердің 2017 жылдың соңына дейін берілуін қамтамасыз етуі тиіс.

Бес реформаның әрқайсысына арналған іс-қимылдардың жол картасы жасалған. Олар Тәуелсіздіктің 25 жылдығын толағай табыстармен аяқтауға мүмкіндік береді.

Қазақстандықтарды Ұлт Жоспары мен реформаларды белсенді жүзеге асыруға шақырған Елбасы мақаласын «Біз өзіміздің қазақстандық арманымыздың орындалуына және Қазақстанның өркендеуіне сенімді түрде қол жеткізетін боламыз!» деп аяқтаған.

Ержан ҚАЛЫМБАЙҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу