Еуропаның бірқатар елдері карантинді қайта күшейтіп жатыр. Оған коронавирустың өршуі себеп.
Черногорияда көшеде емін-еркін жүруге тыйым салынып, комменданттық сағат енгізілді. Науқастардың көптігінен ел билігі шекараны жабуды да қарастырып жатыр. Індеттің күшеюінен Эстония, Финляндия, Венгрия наурыздың соңына дейін қатаң шектеу шараларын жарияласа, Нидерланды комменданттық сағат режимін ұзартты.
Ал АҚШ-та вакцина алған адамдарға маскасыз жиналуға рұқсат берілді. Алайда олар препараттың екі дозасын қабылдауы тиіс. Сонымен қатар, екпе салдырмаған, бірақ инфекция жұқтыру қаупі төмен адамдармен де бетпердесіз кездесуге болады. Десе де елде вирус жұқтыру оқиғалары азаймай тұр. Мұнда күніне 40 мыңдай науқас тіркеліп, дертке шалдыққандар саны 29 миллионнан асты.
Қытай болса туристер үшін коронавирусқа қарсы екпе алып-алмағаны туралы мәліметі бар халықаралық төлқұжат енгізуді жоспарлап отыр.