Басты Жаңалықтар Ақмола облысында 25 жастағы жұмысшы екі аяғынан айырылды

Ақмола облысында 25 жастағы жұмысшы екі аяғынан айырылды

Енді бір азаматтар түрлі төтенше оқиғалар кезінде қаза тауып немесе денсаулығынан айырылуда. Сондай бір оқиға Ақмола облысында болды. «Алтынтау-Көкшетау» кен орнында тас үйінді құлап, экскаватор жүргізушісін басып қалды. 25 жастағы Мадияр Төлеубек отырған техниканың үстіне 80 тоннадай үйінді құлап түсіп, екі аяғы да қысылып қалған. Құтқарушылар оқиға орнына дереу жеткенімен, құтқару жұмыстары ұзаққа созылған. Әрбір қимыл қысылып қалған азаматтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін болғандықтан, аса сақтықпен әрекет етуге тура келген. Нәтижесінде зардап шеккен азамат 12 сағаттан соң ғана үйінді астынан шығарылды. Көкшетаудағы облыстық ауруханаға жеткізілген жігітті аман алып қалу үшін дәрігерлер оның екі аяғын да кесіп тастауға мәжбүр болған. Компанияның еңбек қауіпсіздігін қаншалықты сақтағанын осы оқиғаға қатысты құрылған арнайы комиссия шешеді.

Қанат Дүйсеханов, «Алтынтау-Көкшетау» АҚ атқарушы директоры:

- Қазір Мадиярдың жағдайы ауыр. Жұмыс беруші, яғни, «Алтынтау-Көкшетау» компаниясы барлық шығындарды өтейді. Қажет болған жағдайда пәтер алып беруді де қарастырамыз. Қазір протез алу мәселесін қарастырып, іздеп жатырмыз. Заңмен қарастырылған барлық талаптарды орындаймыз және онымен шектеліп қалмайтынымызды жеткіземін. Болған оқиғаға Мадиярдың еш кінәсі жоқ деп айта аламын.  

Мирас Ғазизов, Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің бас маманы:

- Арнайы комиссия құрылды. Ол болған оқиғаға сараптама жасайды. Барлығы Азаматтық қорғаныс заңына және Еңбек Кодексіне сай жүргізіледі. Комиссияның шешімі Еңбек инспекциясына және Ішкі істер органдарына жолданады.

 

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Бөлісу