Ақмола облысындағы Қаражар ауылына газ мерзімінен ерте жеткізілді
Ақмола облысының Қаражар ауылына көгілдір отын жоспарлы мерзімнен 1 жарым жылға ерте жеткізілді. Сондай-ақ Қараөткел ауылы да көзделген уақыттан ерте газбен толық қамтылды. Осылайша, Целиноград ауданында көрші тұрған екі ауылдағы 6 мыңдай үй енді көгілдір отынның игілігін көреді. Аймақтағы басқа елді мекенге газ қашан жетеді? Қаражарлықтардың қуанышымен бөлісіп келген Аманкелді Сейтхан айтады.
Бүгін қаражарлықтардың қуанышында шек жоқ. Өйткені олар ауылымызға газ келгенше тағы 1 жарым жыл пеш жағамыз ба деп уайымдап жүрген. Бірақ бүгін үйлерінде газ жағып, мәре-сәре болды.
Жанат Ермұханова, Қаражар ауылының тұрғыны:
Енді көмір алмаймыз, ағаш алмаймыз. Барлығы табиғи газ қолданамыз. Екі аяғымыз, екі қолымыз бәрі босайды енді. Тек кнопканы баса береміз болды.
Олжабай Оразұлы қыс бойы мына пешке көмір жағуға көп уақытын жұмсайтын. Оған қоса қып-қызыл шығын. Әр қыста 8-9 тонна көмір кетеді.
Олжабай Оразұлы, Қаражар ауылының тұрғыны:
Одан жаңағы электр несімен жағатынбыз. Онда да біраз шығын шығатын. Қазір енді газ келді. Тамаққа да, асқа да, жақсылыққа да, үй жылуына да, мәңгілік жылу ғой.
Осылайша қысқа 2-3 ай қалғанда қаражарлықтардың ең үлкен мәселесі шешілді. Жалпы бұл соңғы уақытта өсіп келе жатқан жаңа елді мекендердің бірі. Қазір мұнда 5400 адам тұрады.
Ержан Балабеков, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Астана өндірістік филиалының директоры:
Және де бүгін Қараөткел елді мекенінің қосу пунктілері бойынша 3-ші, 4-ші, 5-ші кезеңдері іске қосылды. Толығымен Қараөткел елді мекені газға берілді.
Бастапқыда бұл ауылдарды 2028 жылы газға қосу жоспарланған. Бірақ тиімді жүргізілген жұмыстар арқасында жоба мерзімінен 1 жарым жылға ерте аяқталды. Целиноград ауданын газдандыру мұнымен тоқтамайды. Жыл соңына дейін Қызылсуат ауылы қамтылады. Ал 2027 жылы тағы 30 мыңнан астам адамды табиғи газбен қуантатын жоспар бар.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
Биыл 8-ші ауыл міне қосылып жатқан. Қызылсуатпен 9-шы ауыл. Және осы 6 ауылымыз жоспарлы. Ол аудан орталығы Ақмол, Қабанбай, Өтеміс, Қажымұқан ауылдары.
Ауылдардағы үйлер газға қосылуы үшін мемлекет тарапынан қолдау да қарастырылған. Әлеуметтік осал топтарға газ бағасына 20 пайыз жеңілдік бар. Ал табысы төмен отбасыларға газға қосылу үшін 70 айлық есептік көрсеткіш көлемінде көмек көрсетіледі. Өйткені ауылдағы барлық үйдің газ тұтынғаны маңызды. Себебі газбен қамтамасыз ету тек коммуналдық мәселе емес, экологияны жақсартудың да бір жолы.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы