Қызылорда облысында 13 жасар қыз бала айуандықпен өлтірілді
Жаңақорған ауданының Шалқия кентінде жантүршігерлік оқиға болды. 13 жастағы қыз баланы ауыл тұрғыны зорлап, айуандықпен өлтірген. Күдікті ұсталды, тергеу басталды. Бірақ, ауыл тұрғындарында маза жоқ. Себебі, бұған дейін де елді мекенде осыған ұқсас жағдайлар болған.
Оқиға осы жерде болған. Ділнәз мынау тұрған үйдің бірінші қабатындағы пәтерде тұрған. Отбасының тұңғышы, қызғалдақтай құлпырып өсіп келе жатқан жас қыршынынан қиылды.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, үйдегі үш қыздың үлкені Ділнәз бұл кезде үйде жалғыз отырған. Анасы жұмыста болған.
Маралбек Қожанов, көршісі:
- Үйінің ішінде жасалған, көзге көрініп тұр. Бізді куәгерлікке алып кетті. Азаптаған, зорлаған. Оны ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Анар Бәйімбетова, көршісі:
- Тамақтан уланып қайтыс болды дедік. Шешесі әлі мұндай азаппен өлгенін білмейді. Одан кейін екі қызы бар, біреуі 5-сыныпта, екіншісі 3-сыныпта оқиды.
Жантүршігерлік оқиға елді есеңгіретіп тастады. Ауыл халқының ашу-ызасында шек жоқ. Себебі, бұған дейін де мұнда жаға ұстатарлық жағдайлар болған. Жәмила Әбішеваның 11 жастағы қызын 10 күн бұрын осы кенттің тұрғыны зорлайын деп жатқанда келіні үстінен түсіп, құтқарып үлгерген. Бұған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүруде. Ал, жасөспірім қатты қорқып қалған, қазір туыстарының үйінде тұрып жатқан көрінеді.
Жәмила Әбішева, ауыл тұрғыны:
- Ертең ауылға келсе, мына сұмдықты естісе, ол қыз қалай сабақ оқиды?! Ол қыз әрі қарай қалай өмір сүреді?! Жазасыз қалмау керек.
Гүлнар Ақпамбетованың да кіп-кішкентай қызы зұлымдықтың құрбаны бола жаздады. Абырой болғанда, мұны да біреулер көріп, араша түскен.
Гүлнар Ақпамбетова, ауыл тұрғыны:
- Менің 5 жасар қызымды үйіне сүйреп алып бара жатқанда бір кішкентай бала құтқарып қалды.
Тұрғындардың айтуынша, жұрт күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылған. Себебі, 3 мың тұрғыны бар кентте жұмыссыз, бос жүрген жас көп. Мынау көпқабатты үйлер қаңырап бос тұр, алқам-салқам ғимараттың іші ғана емес, сырты да үрей тудырады. «Жалпы, ауылда тәртіпті күшейту керек», - дейді жұртшылық.
Халық күдіктінің отбасын ауылдан көшіруді талап етуде. Балалардың болашағына алаңдайды. Бүгін Шалқия кентінде болған оқиғаға орай құзырлы орын өкілдері ресми ақпарат берді.
Әбдібек Жаназаров, ОІІД Тергеу басқармасының бастығы:
- Алдын ала тергеу жұмыстары басталды. Осы қылмысқа күдікті ретінде Жаңақорған аудан Шалқия кентінің тұрғыны ұсталып, қазір уақытша ұстау абақтысына оқшауландырылды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Қалған мәліметтер тергеу құпиялылығына байланысты жария етілмейді.
Әзірге белгілісі, күдіктінің жасы-31-де, бұған дейін де сотты болған. Шалқия кентінде анасымен бірге тұрған.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы