Шетелдерге барып демалғысы келетін азаматтарды алдап кететін оқиғалар жыл сайын қайталанатын болды. Бұл жолы Алматыда «Sunday» атты жалған туристік агенттік 30-дан астам адамды сан соқтырды. Түркияға барып, теңізде демалғысы келгендерді тақырға отырғызып кеткен турфирма бастығы 19 миллион теңгені қалтасына басып, ізім-ғайым жоғалған. Ал, жәбірленушілер болса, қыруар қаражатын кімнен сұрарын білмей дал. Ал, аталған компанияда қызмет еткен менеджерлер өздерінің де алаяқ басшының құрбаны болғандарын алға тартқан.
Қызыққа толы демалыс қиялда қалды. Аз күннен кейін Түркияда демалуы тиіс 30-дан астам турист «Sunday» атты турфирманың басшысын іздеп сабылып жүр. Бір сөзбен айтқанда, олар есте қалар саяхатты ұйымдастырмақ болған компанияға сөзсіз сенген. Осылайша, алматылықтар турфирмаға 200 мыңнан бастап 1-2 миллион теңгеге дейін төлеген.
Айдана Асыркеева, қала тұрғыны:
- Шын мәнінде жеңілдік болды. Ол жерде адам басына 350000 болса, жеңілдікпен шамамен 200-220 мың деп есептеп берді.
Алданғандардың басым бөлігі туристік фирманың әлеуметтік желідегі 40% жеңілдігіне қызығып, қақпанға түскен. Оған күмән келтірмеген қалалықтар қаржының 30%-ын қолма-қол төледік деп отыр. Банк арқылы да алаяқтың есепшотына ақша аударғандар бар.
Баян Сүлейменова, қала тұрғыны:
- Қайтадан барған жоқпыз. Себебі, жұмыстан босамадық. Өздері хабарласып, бізге бастықтарының алаяқ екенін айтты.
Қызметкерлер арқылы жымысқы әрекетін іске асырған алаяқ басшы қазір үшті-күйлі жоқ. Ол қоластындағыларды жұмысқа телефон арқылы қабылдап, бірде-бір рет жүздеспепті. Осылайша, әккі адамға тап болған менеджерлер «өзімізді де алдап соқты» деп отыр.
Диана Әуелханқызы, туристік агенттік менеджері:
- Мен жұмысқа 12-мамыр күні орналастым. Мен де осы кісілер сияқты алдандым. Мені жұмысқа алған Алексей. Ол маған қоңырау шалды.
Дәл қазір біз 32 адамды құрығына түсіріп алдап кеткен алаяқ туристік агенттігінің алдында тұрмыз. Өздеріңіз көріп тұрғандарыңыздай, компания қызметін тоқтатқан. Алайда, әлеуметтік желідегі парақшасына мән берер болсақ, компания демалушыларға осы күнге дейін түрлі қызметті ұсынып келген.
Салтанат Әзірбек, қалалық ІІД-нің ресми өкілі:
- Бір топ азаматтардың арыз-шағымы Алмалы аудандық Ішкі істер басқармасында тіркеліп, күні кеше ғана Қылмыстық Кодекстің 194-бабы 3-тармағы бойынша, яғни, аса ірі көлемдегі алааяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда осы қылмысқа қатысы бар тұлғалар анықталу үстінде.
Қазір құзырлы органдарға 10 адам арыз жазған. Алаяқ басшының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ал, қыруар қаржысынан қағылдандар істі соңына дейін жеткіземіз деп бекініп отыр.
Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.