Бүгін еліміздің бірнеше облысында вакцинаның екінші бөлігі салына бастады.
Қостанай өңіріне екпенің 1200 дозасы жеткізілген. Алдағы аптада тағы 4500, наурызда 6 мың, сәуірде 30 мың доза әкелінеді деп жоспарланып отыр. Әзірге вакцина тек медицина қызметкерлеріне салынып жатыр. Бірақ алдағы уақытта өз еркімен екпе алғысы келгендердің бәрі де қамтылады дейді мамандар.
Ақмола облысында алғашқы кезеңде вакцина 1300 адамға салынған еді. Оларға да екінші бөлігі егіліп жатыр. Екпе салдырғандардың көпшілігі денсаулық сақтау және санитарлық қызмет мамандары. Мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлер де бар. Екпе салу Көкшетаудағы 5 медицина мекемесінде және Бурабай, Зеренді аудандарында жүргізілмек. Бүгін облыста 100-ден астам адамға вакцина салынды.
Нұрлан Жаров, Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының директоры:
Бүгін екінші компонентті қабылдадым. Жалпы жағдайым жақсы. Өзімді жақсы сезініп тұрмын. Ешқандай ауырсыну, асқынулар болған жоқ. Осы профилактиканың, егудің басты мақсаты - ол ұжымдық иммунитетті қалыптастыру. Сондықтан баршаңызды осы вакцинацияға шақырамын.
Павлодар облысына Ресейдің «Спутник V» вакцинасының 80 мың дозасы бөлінген болатын. Соның 1200 доза 2-ші партиясы әкелінді. Бүгіннен бастап дәрігерлер екінші мәрте екпе жасатуға кірісті.
Ермек Елберген