Күн күрт жылынса, еріген қар суынан қауіп бар. Ал, синоптиктер осы аптаның өзінде ауа температурасы +10 градусқа дейін жоғарылайды деп отыр. Қазір су тасқынының алдын алу мақсатында арнайы штаб құрылды. Мамандардың айтуынша, былтыр су басу қаупі жоғары елді мекендердің саны 100-ге тарта болса, биыл Есіл өзенінің бойлай орналасқан 127 ауыл ерекше бақылауға алынған. Облыс орталығында болса, Заречный кенті мен Ойқала ықшам ауданы қауіпті аймақ саналады. «Тасқын сәуірдің 5-6-нан басталуы мүмкін», - дейді мамандар. Қазір Есіл өзеніндегі мұз қабатының қалыңдығы кей жерлерде 79 см-ге дейін барады. Ал, Сергеевка су қоймасындағы су көлемі 623 млн. текше метр, яғни, 90 пайызға толып тұр.
Болатжан Асқарбеков, СҚО ТЖД Төтенше жағдай салдарын жою бөлімінің бастығы:
- Ауа температурасы жыли бастағаннан аудандарда жедел штаб құрылады. Олар тәулік бойы жағдайды бізге жеткізіп отырады. Егер де жағдай ушығатын болса, қосымша күш құрылымдары жұмылдырылады. Оған қоса, министрдің бұйрығымен басқа өңірлердің құтқарушылары қашан да көмекке келуге дайын. Алайда, өз күшіміз жеткілікті болады деп ойлаймыз.
Самат САПАРАЛЫ