Кеше Байқоңыр қаласында жеті жастағы екі баланың спорт кешенінен жаттығудан шыққасын жоғалып кеткені хабарланған. Бүгін Байқоңыр қаласының прокуроры Нұржан Рахметов бірінің денесі Сырдарияның жағасынан табылғанын растады. Екіншісі іздестіріліп жатыр.
Жұмада Жамбыл облысы Жаңатас кентінде жергілікті уақытпен түскі үштер шамасында бес қабатты тұрғын үйдің пәтері өртеніп, бір отбасының кәмелетке толмаған бес баласы опат болды. 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылғы бес бала. Облыстық төтенше жағдай қызметіндегілердің хабарлауынша, балалардың әкесі жұмыста, ал анасы есікті сыртынан құлыптап, азық-түлік алуға кеткен кезде өрт шыққан. Иістен уланған балалардың бірі ауруханаға барар жолда, төртеуі ауруханада бақилық болған. Өрттің шығу себептерін анықтауға комиссия құрылған. Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаев, жалпы көлемі 40 шаршы метр пәтердің 16 шаршы метр аумағы өртенгенін айтқан.
Бүгін балаларды Талас ауданындағы әкесінің ауылына апарып жерледі. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған балалардың ата-анасына көңіл айтып, жеделхат жолдағанын Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook -тегі парақшасында мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жағдайды бір ғана отбасының емес, бүкіл еліміздің басына түскен трагедия деп санайды. Ол балалардың ата-анасына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырған.
Сонымен бірге 18 ақпанға қараған түні Қызылорда қаласы әл-Фараби шағын ауданындағы уақытша баспанадан өрт шығып, бесіктегі сәби көз жұмды. Үйде тағы төрт бала мен анасы болған, олар аман. Өрт туралы шақырту жергілікті уақытпен түнгі бірлер шамасында түскен, апаттық құтқару қызметіндегілер жеткенде үй түгел отқа оранған, былтыр 2020 жылы дүниеге келген сәбидің денесі бесіктен табылған. Әкесі үйде болмаған, жол жүріп кеткен көрінеді, анасы төрт баласын ғана құтқарып үлгерген. Бұл шаңыраққа да барынша көмек көрсетіліп жатқаны хабарланды.
Осы оқиғаларды құрғақ хабарлап қою мүмкін емес. Оның үстіне осыдан екі жыл бұрын Нұр-Сұлтанда бір отбасының бес қызы өртеніп кеткені ұмытылмайды.
Жалпы алып қарағанда, біздің бағдарламаға сұхбат берген Жазира Тұрсынбекова есімді әлеуметтанушының халықпен, оның ішінде көпбалалы отбасылармен тығыз жұмыс істейтін, олардың үні болатын әлеуметтік қызметкерлер туралы айтқаны еске түсті.