Екі күннен бері іздестіріліп жатқан оңтүстікқазақстандық 7 жасар қыздың денесі өлі күйінде табылды. Сарыағаш аудандық Ішкі істер бөліміне немересінің жоғалып кеткені туралы әжесі хабарлаған. Осы арыздың негізінде бүлдіршінді іздеуге 150-ге тарта адам жұмылдырылды. Сондай-ақ, судан құтқару қызметінің 5 сүңгуірі қайықпен ауыл іргесіндегі «Кескен» каналын бойлай тексеріп шықты. Кеше кешкісін 7 жасар бүлдіршіннің аман-сау жалғызбасты кейуананың үйінен табылғаны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда, ата-анасы мен туыстарының қуанышы ұзаққа бармады. Бұл ақпар жалған болып шығып, артынша қайғылы хабар жетті. Инабат есімді қыз баланың денесі Кескен өзенінің арнасынан табылды. Мәйіт судың ағысымен ауылдан 2 шақырымдай жерге ұзап кеткен.
Раис Тұрманов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы:
- Жасөспірім қыздың денесі табылып, ішкі істер қызметкерлеріне тапсырылды. Бұл жыл басынан бері есептейтін болсақ, облыс бойынша жасөспірімдердің ата-ана бақылауынсыз қалуынан, немқұрайдылығынан болған төртінші оқиға.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ