Осы аптада Президенттің қатысуымен Samruk Business Forum-ы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Осы аптада Президенттің қатысуымен Samruk Business Forum-ы өтті

14.02.2021

2025 жылға дейін 700-ге жуық мемлекеттік кәсіпорын жекешелендірілуі тиіс. Оның 112-і - «Самұрық-Қазына» құрамына кіретін компаниялар. Жекешелендіру процессі мен мемлекеттік сатып алулардың жүргізілуі SAMRUK BUSINESS FORUM-да сөз болды. Президент жекешелендіру соңы жеке монополистердің көбеюіне алып келмесін - деді. Өйткені инфрақұрылымның негізгі нысандарын тиімсіз жекешелендіру деректері бар. Мәселен, темір жол мен тұйықтар, өнім тасымалдайтын құбырлар. Бұл мысалдарды Мемлекет басшысы жақында ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында келтірген еді.

Бұл жолы да Үкімет пен Қордың «өткенді» қайталамауға жауапты екенін еске салды. Ал жекешелендіру процесі тиімді жүргізілсе, бюджетке түсетін салмақ азаяды. Компаниялар мемлекетке қол созбай, тауарын сыртқа шығарып, өз күнін өзі көреді.

Бизнесті тежеп тұрған кедергі көп: заты шетелдік өнімдердің құжатта «қазақстандық» деп көрсетілуі, мемлекеттік сатып алулардың жасырын жүргізілуі. Мұндай айла-әрекеттердің бар екенін айта келе, Президент жергілікті өнімді анықтайтын әдісті жетілдіріп, саланы цифрландырып, жасырын келісімдер жасағандарды жазалауды жүктеді. Сондай-ақ, «Самұрықтың» «Ұлттық әл-ауқат қоры» деген сипаттамасына сай жұмыс істеуі міндет екеніне тоқталды.


Хабарламаларға жазылу