ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Отандастар қорының» бастамасы бойынша Қазақ радиосынан «Qandastar» жаңа бағдарламасы эфирге шықты. Бағдарламаның бірінші шығарылымы шетелде тұратын және тарихи Отанына оралуды жоспарлап отырған қазақ ұлтының өкілдері үшін өзекті мәселелерге арналды.
Бағдарлама барысында карантиндік шараларға байланысты Қытайдан келген қандастарымыздың мемлекеттік шекараны өту сұрағына байланысты, әлемнің 12 елінің 24 ірі қаласында қазақ тілін үйрену бойынша 31 сыныпты ашу, 2020 жылы алғаш рет онлайн-форматта өткен ҰБТ, шетелдерде «Abai uii» мәдени-іскерлік үйлерінің ашылуы және басқа да мәселелер талқыланды.
Бағдарлама аясында Қазақстандағы және басқа елдерде тұратын қандастарға арналған түрлі жобалар туралы ақпараттық хабарламалар шығады деп жоспарлануда. Бұдан басқа, бағдарлама форматы көші-қонға, құжаттарды ресімдеуге, квоталар мен шетелде тұратын қандастар үшін өзекті басқа да тақырыптарға байланысты мәселелерді шешу бойынша талқылау жүргізуге мүмкіндік береді. Жоба әр сейсенбі сайын Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 11:15-те әуе толқынына шығады. Тікелей эфир нөмірі: 8 (717) 2-75-72-75.
Бағдарлама жүргізушісі - журналист Еркін Байғабылұлы.