Түркістан облысында құрылыс материалдары күрт қымбаттаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында құрылыс материалдары күрт қымбаттаған

10.02.2021

Түркістан облысында құрылыс материалдары күрт қымбаттады. Салдарынан тұрғын үйдің құны 40 пайызға дейін көтеріліп кетті. Онсыз да қажетті өнімнің 70 пайызын сырттан тасымалдап отырмыз деген құрылысшылар жергілікті биліктен бағаны тұрақтандыруды сұрайды.

Түркістанда соңғы екі айда құрылыс материалдары 25-30 пайызға бірақ көтерілді. Әсіресе, арматура , төбеге қажетті металлжабындылардың бағасы қымбат. Цемент 15, ал ішкі әрлеу жұмыстарының материалдары 17 пайызға өскен. Салдарынан тығырыққа тірелген құрылыс компаниялары қып қызыл шығынға баттық дейді.

Арман Сейітов, құрылыс компаниясының басшысы:
- Биыл арматураның бағасы 30-40 пайызға көтерілді. Одан кейін қызыл кірпішті былтыр 33 теңгеден алған болсақ, биылға 56-57 теңгеден түсіп жатыр. Жабын төсемелер, сыртқы қасбеттің материалдары жылу ұстағыш материалдардың барлығы 20-30 процентке көтеріліп кетті.

Өңірде құрылыс материалдарын өндіретін 50- ге жуық кәсіпорын бар. Алайда, олардың бәрі сұранысты өтей алмай отыр. Оның үстіне ірі кәсіпорындар болмаса ұсақ өндіріс нысандары қыста жұмысын тоқтатып тастаған. Сондықтан, біраз өнім сырттан тасымалданады.

Айнұр Ақбаева, тілші:
-Мәселен, мына қызыл кірпіш қат Түркістанда. Себебі, аз өндіріледі. Бары құрылыс нормативіне сай келе бермейді , яғни сапасы күмәнді. Бұл түптеп келгенде құрылыстың мерзімінен кешігуіне сондай-ақ тұрғын үй бағасының 30-40 пайызға дейін қымбаттауына әкеп соқты.
Ғалымжан Төлегенов, Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Былтыр тұрғын үйдің шаршы метрі 160 мың теңгеден болды, ал қазіргі таңда 200-220 мың теңгеге шығып отыр. Одан бөлек жеке инвесторлар есебінен салынып жатқан үйлер олар өздерінің тағы құнын қосып, 240 және одан да жоғары нарыққа шығарып отыр өз бағаларын.

Қазір Түркістанда 122 нысан бой көтеруде. Оның жартысына жуығы баспана. Жергілікті билік тұрғын үй нарығын қадағалау үшін арнайы мониторинг жасамақ. Бағаны негізсіз көтергендер болса қатаң жазаланбақ.

Данабек Махатов, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары:
- Қазір талдау жұмыстары жүргізіліп, сұраныс хаттар жіберілді. Талдау жұмыстары аяқталған уақытта заңбұзушылық әрекеттер байқалса, тергеу тексеру амалдарын жүргіземіз.

Қымбатшылық құрылыс сапасына әсер етпей қоймады. Былтыр Түркістан қаласында бой көтерген көпқабатты тоғыз үйдің бәрі сапасыз деп танылып, жетеуі қайта жөнделді. Ал, екі үй әлі тапсырылмады.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу