LRT құрылысы қайта жанданады - Көлгінов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

LRT құрылысы қайта жанданады - Көлгінов

10.02.2021

Елордадағы LRT құрылысы қайта жанданатын болды. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов айтты. Қазір жұмысты жалғастыру үшін шетелдік инвесторлар іздестіріліп жатыр. Халықаралық екінші деңгейлі банктерден қаржы тарту да жоспарда бар. Әкімнің сөзінше, аяқсыз қалған құрылыс қала көркін бұзып тұр, сондықтан жобаны тезірек жүзеге асыру маңызды. Былтыр шаһарда 40-тан астам аула абаттандырылып, 173 көшеге асфальт төселген. Олардың 100-ден астамы қала шетіндегі тұрғын алаптарында. Газдандыру жұмысы да жүйелі жалғасып жатыр. Бүгінге дейін 300 шақырым құбыр тартылған. Жұмысты 2023 жылы аяқтап, қаланың экология мәселесін шешу көзделіп отыр.

Алтай Көлгінов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі:
4 су жылыту қазандығы газға көшті. Қалғандары осы алдағы уақытта жылыту мауысымнда газға көшірілетін болады. Қазіргі уақытта осы газдандыру бойынша азаматтардың өтінішіне сәйкес біз мердігер мекемелермен сөйлесіп, газға қосу сервис жұмысын бағасын төмендеттік. Бұрын 250 мың болса, қазіргі уақытта 150 мың.

Әкімнің айтуынша, қала тұрғындарының саны соңғы 10 жылда екі есе өскен. Осыдан келіп мектептердің жетіспеуі туындады. Сол себепті, биыл 15, алдағы 5 жылда тағы 50 мектеп салынады. Осылайша, үш ауысымды білім ошақтары азаяды. Маңыздысы, мектеп құрылысына жеке инвесторлар да тартылады. Тағы бір өзекті мәселе - кәрізі жүйесі мен инженерлік инфрақұрылым. Яғни, жауыннан кейін көшелер көлге айналмас үшін 3 тазарту қондырғысы мен магистральды жүйенің құрылысы басталған. Бұл жауын суын өткізу қуатын бұрынғыдан 1 жарым есеге арттырады. Сондай-ақ арықтар мен құдықтарды уақытылы тазаламаған мекемелерге рейд жүргізу көзделіп отыр.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу