Жазасын өтеп шыққандар жұмыссыз қалмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жазасын өтеп шыққандар жұмыссыз қалмайды

10.02.2021

Заң бұзған азаматты тәрбиелейтін бірден бір құрал ол - еңбек. Түзеу мекемесінен шыққан азаматтардың жұмыс тауып, қоғамның белсенді мүшесі болып кетуі қиын шаруа. Ішкі істер министрлігі жанынан құрылған «Еңбек» кәсіпорны бас бостандығынан айырылған жəне түзету бөлімінде жатқан азаматтарды өндірістік-шаруашылық саласына еңбекке тартумен шұғылданады. 

Бахыттулла Сейілханов 2015 жылы жазасын өтеп, бостандыққа шыққан. Жұмыс таппай ұзақ сенделді. Ақыры, «Еңбек» мемлекеттік кәсіпорнына келіп, өз бизнесі жобасын ұсынды. Кәсіпорын қолдауымен, идея іске асып, қазір ауыр көлік жөндейтін білдей бір цехтың иесі атанды. Үш азаматқа тұрақты жұмыс тауып берді. 

Кез келген адамның түрмеде өткен өмірі оның болашағына кедергі болмауы тиіс. Еңбек республикалық кәсіпорнының басшысы Дәулет Айтжанов осындай пікірде. Кәсіпорын 1998 жылдан бері тузеу мекемесіне түсіп қалған азаматтарға жұмыс табуына, кәсіби білім алуына қолқабыс етеді. Бүгінде, 13 өңірде бөлімшесі бар. Ұзын саны 4 мыңға жуық жазасын өтеуші еңбекпен қамтылды. 

Дәулет Айтжанов, «Еңбек» РМК бас директоры:
 Жазасын өтеп шыққанан кейін біздің азаматтар жұмыс таба алмайды. Ондай адамдарға қоғам қалай қарайтынын білесіз. Сондықтан былтырдан министрдің тапсырмасымен осы мәселені көтеріп отырмыз. Ескі ғимаратта тігін фабрикасын ашсақ деп күрделі жөндеу өткізіп жатырмыз.

Жазасын өтеп шыққандарға арнаулы жатақхана. «Еңбек» кәсіпорны қазір Елордада осындай бастаманы қолға алды. Дәулет Айтжанов өзге облыс орталықтарында да осындай мекеме ашуды жоспарлап отыр. 

Ғабит Бөкенбай

Хабарламаларға жазылу