БҚО-да көлік жүретін жол опырылып түсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да көлік жүретін жол опырылып түсті

09.02.2021

Алматы облысында үш ауылды су басты. 10 шақты тұрғын эвакуацияланып, мектеп ғимаратына көшірілген. Қазір бұл елді мекендерде құтқарушылар қызу жұмыс жүргізіп жатыр. Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысында да төтенше жағдай орын алды.

Батыс Қазақстан облысының Рубежка ауылы маңындағы көлік жүретін жол опырылып түсті. Себеп – үздіксіз жауыннан өзен деңгейінің көтерілуі. Нөсерден бөлек арлы-берлі өткен техниканың салмағына да шыдас бермей ойылып қалды. Жол күзде негізгі көпірді жөндеу үшін топырақтан көтірелген еді. Қазір қауіп жоқ,-дейді мамандар.

Бақытжан Ықсанов, БҚО төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы:
-Қазіргі таңда су транзиттік жағдайда ағып жатыр. Ешқандай елді мекендерді су басу қаупі жоқ. Оның басында мердігер жұмыс жасап жатыр.

Алматы облысында қатты жауын-шашын салдарынан үш елді мекенді су басты. Ескелді ауданында Ешкіөлмес, Нұрмолда Алдабергенов, ал Көксу ауданында Талапты ауылына жаңбыр мен қар суы астында қалды. Облыстық төтенше жағдайлар қызметкерлері 40 шақты ауладан су сорып, ағынды судың арнасын бұрып бөгеттер орнатты. 10 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Зардап шеккендер жоқ.

Сағира Тұрлыбекқызы, ауыл тұрғыны:
-Бұрындары мен білмейді екенмін осындай көмектің келетінін. Осыдан бірнеше жыл бұрын мені су басып кеткенде шақырмаппын.

Құтқарушылар тұрғындарды өз аулалары мен арықтарды тазалап, апаттың алдын алуда белсенді болуға шақырады.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу