5 жылда Қазақстан 5 G интернетпен қамтылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

5 жылда Қазақстан 5 G интернетпен қамтылады

07.02.2021

Осы аптада Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізген кеңес төрағасы Н.Назарбаев, қазіргі жағдайларға жауап бере алатын жаңа ұлттық қауіпсіздік архитектурасын жасау қажеттігін атап өтті, деп жазады «Елбасы» сайты.

 – Біз біртұтас мемлекет және ұлт ретінде бетбұрыс кезеңіне келіп жеттік. Бұл өзгеріске коронавирус пандемиясы түрткі болды. Оның әсері алдағы онжылдыққа созылуы мүмкін. Қазірдің өзінде ұлттық қауіпсіздікке қатысты қалыптасқан сын-қатерлер трансформацияға ұшырап, ассиметриялық әрі гибридтік қатерлер туындап жатыр, – деген.

Енді ұлттық қауіпсіздіктің басты компоненті – денсаулық сақтау саласы болса, екіншісі – білім беру екені айдан-анық.

Н.Назарбаев қару-жарақ пен әскери техника өндірісіндегі технологиялық прогресті есепке ала отырып, қарулы күштерді жетілдіру қажеттігіне де тоқталған.

Талқылау қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының жаңа Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының тұжырымдық ұстанымдарын мақұлдаған.

5 жылда Қазақстанның облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалары 5 G интернетпен қамтылады. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдері премьер-министрлерінің қатысуымен өткен «Digital Almaty» форумында айтылды. Халықаралық жиында бейнебайланыс арқылы сөз сөйлеген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бес жыл ішінде бұл бағытта 500 миллиард теңгеге жуық инвестиция тарту жоспарланғанын жеткізді.

Қазақстан президенті ағымдағы жылды мемлекетті тиімді цифрландыру жылы деп өткізуді тапсырды. Ал Қазақстан Премьер-министрі Асқар Маминнің сөзінше, цифрлық инфрақұрылымның қолжетімділігі мен сапасын жақсарту бойынша жұмыстар тоқтамаған.

Дегенмен әлемдік пандемия кезінде цифрлық теңсіздік орын алды. Бүгінде әлемдегі 3,6 млрд адам интернеттің қымбат болуына байланысты оффлайн режимде қалып отыр.


Хабарламаларға жазылу