«Спутник V» вакцинасынан кейін иммунитет екі жыл сақталуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Спутник V» вакцинасынан кейін иммунитет екі жыл сақталуы мүмкін

03.02.2021

«Спутник V» вакцинасынан кейін иммунитет ағзада екі жыл сақталуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мәлімдеді. Елде вирустың британдық және оңтүстік африкалық штамын жұқтырғандар тіркелген жоқ. Дегенмен, вакцина вирустың бұл түрлеріне де төтеп бере алады.

Министрлік өкілдері ең әуелі екпеден кейінгі жағдайын айтты. Олардың сөзінше алғашқы күні әлсіздік байқалған. Бүгін екпе салғызған медицина мамандарының саны 5000-нан асты. Екпеден кейін асқыну жағдайлары тіркелген жоқ. Ал Талдықорғанда талып қалған медбике шошынған дейді, мамандар.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
-Әркімнің нервтік жүйесі әртүрлі. Ешқандай аллергия болмаған. Әрбір медицина маманы екпе егудің маңызын түсінеді. Вакцинаның әсерінен емес. Шошып қалған. Ол кісінің денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ.

Министрлік өкілдері, вакцинаға қатысты жалған ақпараттарға сенбеуге шақырды. Екпе салдырғандар кемі екі апта сақтанғаны жөн. Себебі, вакцинадан соң, иммунитет бірден қалыптаспайды. Ал ұжымдық иммунитет болу үшін халықтың кемі 50 пайызы екпе салдыруы тиіс.

Ерлан Қиясов, ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:
-Вакцинаның күші ағзада екі жыл сақталуы мүмкін екенін шетелдік ғалымдар растап отыр. Егер асқыну жағдайлары тіркелсе өндірушіден бастап екпе процесіне қатысқандардың бәрі жазаланады. Ал вакцинаның халал немесе халал емес екендігін анықтау медицина салысының құзіретіне жатпайды.

Электронды паспорт - екпе кітапшасының аналогы. Одан сескенудің қажеті жоқ. Ал QR код қосымшасы - пилоттық жоба. Жоба тек жұмысы тоқтап тұрған кәсіпкерлік нысандар үшін жасалып отыр. Елдегі мұндай объектілердің саны 13000-нан асады. Нәтижесі екі аптадан соң белгілі болады.

Нариман Әбілшайықов, ҚР «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:
-Базарлар, үй жанындағы дүкендерде бұл QR код енгізіп қажеті емес. Тек қана өз жұмысын бастамаған кәсіпкерлер байланысты болып отыр.

Қазақстан ковидтің таралуы жағынан 221 елдің арасында 109-шы орында тұр. Қаңтарда қауіпті дерттің деңгейі 1,4 пайызға артты.

 Раушан Сайлауқызы, тілші:
-Ауруханада емделіп жатқан 27 мыңнан астам науқастың 310-ы ауыр халде жатыр. Пациенттердің 70 пайызы созылмалы аурумен ауырады. Басым бөлігі вирусты алғашында өз бетімен емдеген. Министрлік өкілдері, ковид белгілері байқалса бірден дәрігер көмегіне жүгінген жөн деп отыр.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу