Қазақстанда 129 жоғары оқу орны бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, оның 33-і мемлекеттік, 92-сі жекеменшік оқу орны болса, төртеуі - шетелдік меншік.
ЖОО-дағы студенттердің жалпы саны 576557 адамды құрайды. Оның 53,2% (306799-ы) қыздар. Бұл көрсеткіш былтырғы оқу жылымен салыстырғанда 4,6%-ға төмен.
«Биылғы оқу жылында 152789 адам қабылданды, әртүрлі себептер бойынша оқыту мерзімі аяқталғанға дейін кеткен студенттер – 115186 адам, бітіргендер – 153627 адамды құрады», - делінген хабарламада.
Студенттердің жалпы санының 83% күндізгі бөлімде, 7,6% – қашықтықтан, 7,3% – сырттай және 2% кешкі бөлімде оқиды. Мемлекеттік білім гранты есебінен 196 084 адам білім алып жатыр. Бұл студенттердің жалпы санының 34% құрайды, ақылы негізде – 380473 адам немесе 66% оқиды.
Мемлекеттік тілде оқитын студенттердің үлесі 64,9%, орыс тілінде 29,6% және ағылшын тілінде 5,5% құрады.
Штаттағы профессорлық-оқытушылық құрамның саны 36307 адам болды, соның ішінде қоса атқарушылықпен 6137 оқытушы жұмыс істейді. Жалпы профессорлық-оқытушылық құрамнан 8,1% қызметкерлердің ғылым докторы ғылыми дәрежесі бар, ғылым кандидаты – 31,7%, профессор атағы – 6,3% және доцент – 14,7%. Магистр академиялық дәрежесі бар оқытушылардың саны – 13067 адам немесе 36%, философия докторы (PhD) және бейін бойынша доктор – 3079 адам немесе 8,5%.