Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді

26.01.2021

Елімізде жаңа агенттік құрылады. Ол экономикалық қылмыстарға қарсы күресіп, көлеңкелі бизнесті жоюы тиіс. Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке экономикалық өсімді қалпына келтіріп, жұртты жұмыспен қамту үшін негізгі жеті бағытты айқындап берді.

Үкіметке жүктелер жүк ауыр. Оны ойдағыдай орындау үшін президенттің өзі басты міндеттерді айқындап берді. Шағын және орта бизнесті қолдау – соның негізгісі. Осы ретте «Бастау бизнес» бағдарламасының аясы кеңеймек. Сөйтіп, іс бастап, табыс табамын дегендерге арзан несие қолжетімді болуы тиіс. Осылайша шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесін биыл 30 пайызға дейін жеткізу көзделген.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бизнестің сұранысына ие болып отырған маңызды шаралар осы жылдың соңына дейін ұзартылды. Шағын және орта бизнес халықтың үштен біріне жұмыс тауып беріп отыр. Бір сөзбен айтқанда, оның ахуалы қандай болса, халықтың да жағдайы сондай. Биыл шағын және орта бизнеске қолдау көрсету ең басты назарда болуы тиіс. Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, 1 айдың ішінде осыған қажетті іс-шаралар топтамасын әзірлеуді тапсырамын.

Жұртты жұмыспен қамту да басты назарда. Президент былтыр осы бағытта іске асқан жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасын сынға алды. Айтуынша бөлінген 1 триллион теңге толықтай игерілген. Бірақ атқарылған жұмыс пен берілген есепте алшақтық көп.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр. Бірыңғай ақпараттық жүйеге бір адам туралы мәлімет қайта-қайта енгізіледі. Дәл осындай 15 мың жағдай тіркелген. Жұмысқа орналасты деген адамдардың үштен бірі зейнетақы қорына қаржы аудармаған болып шықты.

Президент көлеңкелі экономикамен де күрес күшеюі керек деді.

Мәселен тек Қытаймен арадағы шекарада 50 мыңға жуық жалған декларация толтырылғаны анықталды. Статистика бойынша айырмашылық 5 миллиард доллардан асады. Енді бұған жол бермеу үшін елімізде Экономикалық қылмыстарға қарсы күрес агенттігі құрылмақ. Оның үстіне Президент бюджет шығындарын қысқартып, қаржыны үнеммен жұмсауға шақырды. Әсіресе қызметтік көліктерті азайту керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Орталық мемлекеттік органдар басшыларының автопаркін ұстап тұру үшін айтарлықтай бюджет қаражаты жұмсалады. Бір ғана автомобиль үшін орташа есеппен жылына 6 миллион теңгеден астам қаржы шығындалады. Бірқатар елде жеке қызметтік көліктің орнына ақшалай өтемақы төлеу тәжірибесі енгізілген. Бұл қызметтік көліктердің санын едәуір қысқартуға және әкімшілік шығындарды 1,5 миллиард теңге көлемінде азайтуға мүмкіндік берді.

Президент Денсаулық сақтау саласының ақсап тұрған тұстарына да тоқталды. Былтыр елімізде 150 ана көз жұмған. Бұған жол бермеу керек деген Президент реанимациялық бөлімдерді арттыру керек деді. Әрі Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек қымбатшылығына жол бермей, ковидке қарсы вакцина егу жұмыстарын тыңғылықты атқаруы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үкіметке әкімдермен бірлесіп, дайындық жұмыстарын толық қамтамасыз етіп, 1 ақпаннан бастап жаппай вакцинациялауға кірісуді тапсырамын. Осы ретте халық ішінде дүрбелең тудырмай, вакцинаның қажеттігі жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізу керек. Ал отандық вакцинаның тестілеуі оң қорытынды береді деп үміттенеміз. Барлығы жақсы болса, өзім отандық екпені ектіремін.

Білім саласында да атқарылар шаруа жетеді. 2025 жылға дейін 800 мектеп салынуы тиіс. Биыл соның 200-і бой көтереді. Әрі сапасыз жоғары оқу орындарын жабу жалғасады. Президент балабақшаға баратын бүлдіршіндерге қажетті жағдай жасалмай отыр дейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
11 мың балабақшада 900 мыңдай бала тәрбиеленіп жатыр. Бірақ осы балабақшалардың 36 пайызында кәріз жүйесі жоқ. 26 пайызында ыстық су, 11 процентінің дәретханасы сыртта. Кішкентай ұл-қыздарға мүлдем жағдай жасалмаған. Әкімдер осыған мән беруі керек.

Жер кодексінің кейбір нормаларына жарияланған мораторий биыл аяқталады. Осыған байланысты Үкіметке Жер комиссиясының жұмысын қайта жандандыруды және қараша айына дейін түзетулерді қабылдауы тиіс. Ұсыныстар қоғам талқысынан өтіп, жан-жақты саралануы шарт.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын. Оны ауыл тұрғындарының игілігіне берген жөн.

Биыл 17 млн шаршы метр үй пайдалануға берілмек. Былтырғы көрсеткіш те жаман емес. Бірақ құрылыс қарқыны жағынан артта қалған аймақтар бар. Әсіресе Қызылорда облысында жұмыстарды жандандыру керек деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Былтыр облыстағы құрылыс қарқыны 27 пайызға төмендеген. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру 20 пайызға азайған. Бұл мемлекет бойынша ең төменгі көрсеткіш. Жағдайды түзеу үшін не істеп жатырсыздар?

Экология мәселені де назар аудару қажет. Президент әсіресе су ресурстарын сақтап, оны тиімді пайдалану қажет деді. Осыған орай мемлекеттік органдардың алдында су ресурстарын басқару жөніндегі ұлттық жобаны қабылдап, қаржыландыруды жеделдету міндеті тұр. Экология мәселесі Үкімет пен қоғамның ұдайы бақылауында болуы керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қоғамдық бақылау құралы ретінде интерактивті карта дайындау қажет. Сол арқылы экология саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысы мен тиімділігін қадағалауға болады. Үкіметке 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасын әзірлеуді тапсырамын. Әсіресе, қоршаған ортаны қорғау ісіне қажетті барлық көрсеткіштерді цифрландыру – маңызды міндеттердің бірі.

Үкімет баспана мен азық-түлік қымбатшылығына да жол бермей, инфляция деңгейін 4-6 пайыз шамасында ұстауы керек. Моно қалаларды дамытып, ауыл шаруашылығына көңіл бөлуі тиіс. Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселесі тағы бар.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:
Басты мақсаты – экономика өсімін 3 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету, негізгі капиталға салынатын инвестицияларды жалпы ішкі өнімнің 20 пайызға дейін, ал шағын және орта бизнес үлесін 30 пайызға дейін жеткізу, агроөнеркәсіптік кешендегі еңбек өнімділігін 1,4 есе, өңдеу өнеркәсібін 10 пайызға өсіру және жұмыссыздықты 4,9 пайызға дейін төмендету болып табылады.Үкімет Сіздің тапсырмаңыз бойынша әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты және экономиканың сапалы және тұрақты даму жолына шығуын қамтамасыз етеді.

Сондай-ақ еліміз биыл тәуелсіздіктің 30 жылдығын тойлайтынын айтқан Президент оны ысырапсыз өткізуге тапсырма берді. Осылайша ел дамуының жеті бағытын айқындап, мемлекеттік органдардың әрбір шешімі, әрбір әрекеті экономиканы дамытуға және халық игілігіне бағытталуға тиіс екенін қадап айтты.

Досжан Маратұлы


Хабарламаларға жазылу