ІІМ елдегі барлық камераларды бақылайтын ортақ платформа ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ІІМ елдегі барлық камераларды бақылайтын ортақ платформа ойлап тапты

25.01.2021

Ішкі істер министрлігі елдегі барлық бейнекамераларды бақылай алатын ортақ платформа ойлап тапты. Бұл қауіпсіздікті күшейтіп, полицейлердің қылмысты ашу жұмысын жеңілдетпек. Себебі, камераларға жазылған барлық ақпарат енді бір орталыққа жиналады. Қазірдің өзінде платформаға 57 мың камера тіркелген. Алдағы уақытта елдегі 280 мың камераны түгел қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, министрлік 102 мобильді қосымшасын да іске қосты. Енді кез келген азамат қылмыстың куәсі болса немесе полиция көмегіне мұқтаж болса жедел іздестіру орталығына бейнеқоңырау шалуына болады.  

Ерлан Тұрғымбаев, ҚР Ішкі істер министрі: 
-Қазір біздің жұмыстың 95 пайызы цифрлы форматқа ауысты. Ал, пандемия киберқылмыс көбейді. Мәселен, алдыңғы жылы 7 мың интернет алаяқтық тіркелсе, былтыр 14 мың. Сондықтан, біз де жұмысты заманға лайықтап, қауіпсіздікті жан-жақты күшейтуіміз маңызды. 

Сондай-ақ, министрлік балалардың қайда жүргенін анықтайтын жаңа жүйені таныстырды. «Мені тап» деп аталатын жүйе - Bluetooth арқылы жұмыс істейтін трекерлерді бақылайтын мобильді қосымша. Трекерді баланың киіміне, мектеп сөмкесіне орнатып қоюға болады. Егер оқыс жағдай болса, бала тетікті басу арқылы ата-анасына хабар бере алады. Жүйе жедел басқару орталығына қосылғандықтан, ол ақпарат бірден полицияға да түседі. Тағы бір жоба, еліміздегі алыс жолдар мен таулы аймақтарға, қоғамдық орындарға «SOS» бағаналары орнатылмақ. Яғни жолда қалып қойған азаматтар осы арқылы жедел басқару орталығына хабарласа алады.  

Амангелді Сейітхан 


Хабарламаларға жазылу