Қазақстандықтар ЕАЭО елдерінен зейнетақы ала алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар ЕАЭО елдерінен зейнетақы ала алады

25.01.2021
Қазақстандықтар ЕАЭО елдерінен зейнетақы ала алады

2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕАЭО елдерінің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы келісім күшіне енді, деп хабарлайды Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының баспасөз қызметі.

Аталмыш келісім 2019 жылдың 20 желтоқсанында әзірленген. 

«Келісімге сәйкес еңбекшілер ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттің аумағында еңбек немесе өзге де қызметті жүзеге асыру арқылы зейнетақы құқықтары қалыптастырылатын не қалыптастырылған Қазақстан, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Армения және Беларусь елдерінің азаматтары есептеледі», - делінген хабарламада. 

Келісім Одақтың бір елінен екінші еліне зейнетақыны экспорттау тәртібі мен тетігін айқындап, зейнетақы алу құқығын анықтау үшін ЕАЭО мемлекеттеріндегі жұмыс өтілін жинақтауды көздейді.

«Құжат бойынша жұмысшыны медициналық куәландыру, оның ішінде мүгедектігі бойынша зейнетақы тағайындау барысында сырттай медициналық куәландыру мәселесі реттелді. ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекеттің еңбек етушіге зейнетақының жұмыс кезеңінде және жұмысқа орналасқан елдегі зейнетақы жарналарының аударымдарына барабар бөлігін төлейтінін ескере отырып, 1 қаңтардан бастап еңбекшілер ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде жұмыс берушілермен еңбек қатынастарын ресми ресімдеуі, яғни міндетті түрде еңбек немесе азаматтық-құқықтық шартын уақытылы жасауы қажет. 

Келісімге сәйкес жинақтаушы зейнетақыны, сондай-ақ, мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша еңбек (сақтандыру) зейнетақыларын қоспағанда, зейнетақы алу құқығы еңбеккердің мүше мемлекеттің аумағында жинаған кемінде толық 12 ай жұмыс өтілі болған кезде (Келісім күшіне енгеннен кейін), сол мемлекеттің заңнамасына сәйкес туындайтынын атап өткен жөн», - дейді қор өкілдері. 

Қазақстанда келісімді іске асыру жөніндегі құзыретті орган БЖЗҚ болып белгіленген. Соған сәйкес қорға еңбекшілер қажетті кеңес алу үшін, ал кейіннен жұмыс істеген кезеңдеріне қатысты зейнетақы алу құқығына ие болған мүше мемлекеттердің құзыретті органдарына жіберетін құжаттарымен жүгіне алады. Қазақстанда келісім еңбекшілердің БЖЗҚ-ға зейнетақы жарналарын төлеу жөніндегі құқықтық қатынастарына қолданылады. 

«ЕАЭО елдерінің еңбекшілері БЖЗҚ-ға зейнетақы жинақтарын қалыптастырған жағдайда, еңбекшілердің оларды алу құқығы Қазақстан заңнамасына сәйкес орындалады: зейнеткерлік жасқа жеткен кезде; егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, І және ІІ топтағы мүгедектік белгіленген кезде, ал БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар ЕАЭО елінің азаматы еңбек етуші қайтыс болған жағдайда, оны біржолғы алу құқығы БЖЗҚ-ға Қазақстанның заңнамасында айқындалған құқық белгілейтін құжаттар ұсынған кезде оның мұрагерлеріне көшеді», - делінген хабарламада.

Келісімнің толық мәтіні мына жерден оқуға болады.

Хабарламаларға жазылу