Жамбыл мен Түркістан облыстарында қатты бұрқасыннан жолдар жабылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл мен Түркістан облыстарында қатты бұрқасыннан жолдар жабылды

22.01.2021

Еліміздің оңтүстік өңірлерінде қыс қаһарына мінді. Жамбыл мен Түркістан облыстарында қатты бұрқасыннан жолдар жабылды. Сондай ақ Қапшағай қаласынан Шығыс Қазақстан шекарасына дейін барлық көлік қозғалысына шектеу қойылды. Ал, Шымкентте қардың соңы жаңбырға ұласып, шағын аудандарда жарық сөнді .  

Жамбыл облысында боранның салдарынан «Алматы-Термез- Ташкент» республикалық тас жолы екі жерден жабылды. Күре жол бойына блокбекеттер қойылып, көлік қатынасы тоқтады. Сондай-ақ, «Күйік-Қарабастау-Қаратау-Жаңатас-Саудакент» тас жолына да шектеу қойылды.  

Қазір «Күйік» асуына жақын маңда жүзге жуық көлік жолда қалған. Алпыс адам қауіпсіз жерге көшірілген. Ал, Тараз-Қаратау бағытындағы жол бойынан 23 адам жылыту бекеттеріне жеткізілді. Мұндағы авариялық құтқару жұмыстарына жиырмаға жуық арнайы техника жұмылдырылды.

Түркістан облысында да үздіксіз соққан ақ түтек боранның салдарынан облыстық және республикалық маңызы бар жолдар жабылды. Әсіресе Шымкент-Түркістан тас жолында қозғалыс қиындап, 4 жеңіл автокөлік соқтығысқан. Сондай-ақ, Ордабасы ауданындағы Самара-Шымкент тас жолында да қозғалыс шектелді.

Ал Шымкент қаласында түнде басталған жаңбырдың соңы қарға ұласты. Аязды бораннан шаһардағы 18 шағын ауданның электр жарығы сөніп қалды. Магистральдық желілердің айқасып, трансформатордың ішіне су өткен, содан бірнеше желі үзілген. Салдарынан көшелерде бағдаршам істен шығып, көлік қозғалысы біршама қиындады. Коммуналдық мекеме қызметкерлері таңнан бері электр желілерін қайта қалпына келтіріп, 14 шағын ауданға жарық қайта қосылды.

Сәбит Әлдебай 


Хабарламаларға жазылу