Елімізде демалыс күндері қар құрсауынан 77 адам құтқарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде демалыс күндері қар құрсауынан 77 адам құтқарылды

07.02.2022

Елімізде демалыс күндері ақтүтек боран соғып, бірқатар республикалық және облыстық маңызы бар жолдар жабылды. Шығыс Қазақстан мен Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында қар құрсауынан 77 адам құтқарылды.

Түркістан облысының рспубликалық маңызы бар «Алматы-Ташкент-Термез» тас жолының Жамбыл облысымен шектесетін «Шақпақ баба» аралығындағы бөлігін мұз басқан. Ал, қазіргі уақытта өңірлік Төтенше жағдайлар департаменті облыстық маңызы бар «Ащысай-Кентау», «Созақ-Ұланбел» бағыты және «Мұздыбел» асуы уақытша жабық екенін ескертеді. Сондай-ақ «Созақ-Екпінді-Ұланбел» бағытындағы жолдарда қалып қойған 23 жолаушы мен көліктер қар құрсауынан шығарылды.

Иса Елеусізов, облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы:

Оқиға орнына ТЖД 2 техника мен 10 қызметкер жұмылдырылып, жолда қалып қойған 53 техниканы қар құрсауынан шығарып, 23 адамды жылыту орнына жеткізді. Қазір уақытша шектеу қойылған жерлерде 10 техника мен 22 қызметкер жұмылдырылып, жолды ашу жұмыстары жүргізілуде.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу