10 жылдан артық пайдаланылған автобустар тіркеуге қойылмайды
Енді азаматтар жүргізуші куәлігі мен көлікті тіркеу құжатын өздерімен алып жүруге міндетті емес. Сенат депутаттары биыл алғашқы жалпы отырыста тиісті заң жобасын қабылдады. Осы құжаттың талабына сай енді 10 жылдан бері қолданыста жүрген автобустар тіркеуге алынбайтын болды.
Қос құжатты енді өзіңізбен алып жүрмеуіңізге болады. Жол сақшылары қажет болса жүргізушінің жеке куәлігі арқылы электрондық базадан мәліметтерді тексере алады. Сәйкесінше, аталған құжаттар болмағаны үшін әкімшілік айыппұл салынбайды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:-Қабылданған заң Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысында жасаған ұсыныстары аясында әзірленді. Бұл цифрландыру жұмыстарының нақты нәтижесі екені сөзсіз. Алдағы уақытта заң азаматтар үшін осы бағытта қолайлы жағдай туғызуға жұмыс істейді деп сенеміз.
Осы құжаттың талабына сай, енді 10 жылдан бері қолданыста жүрген автобустар тіркеуге алынбайды. Бұл елге енді әкелінетін көліктерге ғана қатысты. Жаңашылдықты келер жылдың 1-қаңтарынан енгізу жоспарланып отыр.
Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:-Бұл – қазіргі жолаушылар тасымалдау паркін біртіндеп жаңарту мақсатында қабылданған норма болып есептеледі. Жол қауіпсіздігінің талаптарын күшейту мақсатында атқаратын рөлі жоғары болады деп есептеймін.
Жол апаттарының басым бөлігі ескі көліктердің салдарынан болады. Сондықтан оларды нарықтан ығыстыру керек, - дейді сенатор. Мәселен, соңғы 3 жылда елімізде 46 мыңға жуық жол апаты болып, 60 мыңнан астам жолаушы түрлі жарақат алған. 6,5 мыңға жуық адам көз жұмған.
2018-2020 жж
Жол-көлік оқиға - 45 950
Түрлі жарақат алған - 60 469
Көз жұмған – 6 498
Айта кетейік, бұл Сенаттың биылғы алғашқы отырысы. Төраға Президент жүктеген міндеттердің маңыздылығына тоқталды. Бұл ретте Парламент өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналуы тиіс.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:-Жарияланған реформаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Заңдар ең алдымен ұлттық мүддені қорғауға тиіс. Ал ұлттық мүдде дегенміз – халық пен мемлекеттің мүддесі. Әр заң жобасын талқылаған кезде қоғамның пікірін ескеруіміз керек.
Төраға «Палата жұмысына қоғамдық ұйымдар мен әлеуметтік топ өкілдерін кеңінен жұмылдыру қажет» деді. Мұндай қадам қабылданатын заңдардың сапасын арттыруы тиіс.
Дарын Сағитов
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы