Әлемде коронавирустан 2 миллионнан астам адам қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде коронавирустан 2 миллионнан астам адам қайтыс болды

20.01.2021

Коронавирустың «британдық» штаммы 60-тан астам мемлекетте анықталды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы хабарлады. Осыған байланысты көптеген елдерде карантин мерзімі ұзартылып жатыр. Ал Франция мамандары маскалардың кейбір түрі мутацияланған вирустан қорғамайды деп отыр.  

Матадан жасалған маска коронавирустың жаңа штамынан қорғамайды. Француз ғалымдары осылай деп отыр. Халық мұндай бетпердені жуып, қайта қолдануға болатыны үшін ыңғайлы деп есептейді. Алайда жұмсақ мата ешқандай вирустан сақтай алмайды.  

Оливье Веран, Франция денсаулық сақтау министрі:  
-Инфекциямен күресте медициналық маскалардың тиімділігі дәлелденген. Олар вирустан 90 пайызға дейін қорғайды. Ал матадан, үй жағдайында жасалған бетперделер мұндай талаптарға жауап бермейді. 

Ұлыбританияда жаңа антирекорд. Өткен тәулікте елде індеттен 1610 адам қайтыс болды. Инфекция күніне 30 мыңнан астам адамнан анықталуда. Соңғы деректерге сай, Біріккен Корольдік тәуліктік өлім-жітім бойынша әлемде бірінші орында тұр.

Ал АҚШ-та «ковид» құрбандарын еске алу рәсімі өтті. Пандемия басталғалы мұнда 401 мыңнан астам адам көз жұмды. Бір апта бойы күніне қайтыс болғандар саны 3 мыңнан азаймай тұр.

Джо Байден, АҚШ-тың сайланған президенті:  
-Қайғыны жеңілдету үшін өмірден өткендерді еске алуымыз керек. Қазір қиын кезең. Алайда ұлт болып, осы күресте қайтыс болғандардың барлығын мәңгі жадымызда сақтау маңызды. 

Қытайда індетке күніне 100-ден астам адам шалдығуда. Бейжіңде карантин күшейтіліп, метро станциялары жабылып жатыр. Сонымен қатар, желтоқсанның 10-нан бастап қалаға келген әр жолаушы тестілеуден өткізілмек.

Жансая Қапасқызы 


Хабарламаларға жазылу