Елдегі эпиджағдай: Бірқатар аймақта карантин күшейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі эпиджағдай: Бірқатар аймақта карантин күшейді

18.01.2021

Елде індет қайта өршіді. Вирусқа шалдыққандар саны күрт өсті.Өткен тәулікте мыңнан астам адамнан инфекция анықталды. Бүгінгі ресми мәліметке сай, Қазақстанның 4 облысы мен 1 қаласы «қызыл» аймақта тұр. Бірқатар өңірлерде карантиндік шектеу шаралары қайта күшейтілді. 

Бүгіннен бастап Қостанай облысында карантин талаптары қайта күшейді. Демалыс күндері локдаун сақталып, қоғамдық көлік жүрмейді. Сенбі-жексенбіде сауда-саттық, ойын-сауық орталықтарының жұмыс істеуіне рұқсат жоқ. Мешіт, шіркеулер қайта жабылады. Инфекциялық стационардағы төсек-орындардың 40 проценті толған. Оқушылар мен мұғалімдер арасында ауру жұқтырғандар көбейген соң облыс орталығындағы штатты режимдегі мектептер екі аптаға қашықтан оқуға көшті.         

Павлодар облысында да карантин қатаңдатылды. Әлеуметтік маңызы бар шаралар доғарылды. Ойын-сауық және көңіл көтеру орындары жұмысын тоқтатты. Кезекші топтарды қоспағанда мектепке дейінгі балалар баратын мекемелердің қызметіне тыйым салынды. «Қызыл» аймақта тұрған өңірде бүгін 155 адамнан вирус анықталды.  

Қарағанды облысы эпидемиологиялық ахуалға байланысты «сары» аймақта тұр. Себебі сырқаттанғандар саны көбейген. Өткен тәуліктің өзінде қауіпті індетті жұқтырған 62 адам анықталды. Әсіресе, металлургтер қаласында жағдай ушығып тұр. Бүгінде облыс көлемінде карантиндік іс-шараларды қабылдау мәселесі қарастырылуда.  

Ал, бұрын «сары» аймақта болған Атырау облысы, вирусқа шалдыққандар санының күрт артуына байланысты қайта «қызыл» аймаққа енді. Өткен тәулікте кесел құрығына іліккен 71 адамның 46-сы Теңіз мұнай кен орнынан тіркелді. Қазір кеніш аумағындағы стационарда 700ден астам жұмысшы ем қабылдап жатыр. 

Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданында пневмонияның вирусты түрі мен COVID-19 белгілері бар науқастардың күрт артуына байланысты, 28-ші қаңтарға дейін карантиндік шаралар күшейтілді. Жыл басынан бері ауданда 27 адам коронавируске шалдықса, вирусты пневмониямен 14 адам тіркелген. 

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу