Алматыда бүгін таңнан бері қалың қар жауып, тұрғындарды әбігерге салды. Қала көшелерінде көлік қозғалысы қиындап, жол апаты көбейді. Соның салдарынан зардап шеккендер де бар. Ал шаћар әкімдігі ахуалды реттеу үшін дер кезінде тиісті шараларды қолға алдық дейді.
Қалада таңғы 9-дар шамасында жауған қардың қалыңдығы таулы аймақтарда 25-30 см болса, қала ішінде 18 сантиметрге дейін жеткен. Көктайғақтың кесірінен 70-тен астам жол апаты болған. Қалалық полиция басқармасының мәліметінше, оқыс оқиғалардан 6 адам зардап шеккен. Осыған орай, ведомство өкілдері көлік жүргізушілерін абай болуға шақырды.
Салтанат Әзірбек, қалалық ІІД ресми өкілі:-Көліктердің өткізу қабілеті нашарлады. Бірақ, тәжірибе көрсетіп отырғандай, көбінесе бұл құбылыстардың алдында жол қозғалысына қатысушылардың төмен тәртібі болып отыр. Кейбір жүргізушілер жылдамдықты төмендетпейді. Апаттық жағдайларды тудырады.
Шаһардағы қалың қар тәулік бойы бір тоқтаусыз тазаланды. Мамандардың айтуынша, көшелерге 2600 тоннадан астам арнайы материал себілген. Қар тазалау жұмыстарына 630 техника мен 2 мыңға жуық қызметкер жұмылдырылған. Қазір тротуарлар, жаяу жүргіншілер аймағы мен қоғамдық көлік аялдамаларында қарды тазарту жұмыстары жүріп жатыр.
Алмасбек Құрманғалиев, қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы көріктендіру бөлімінің басшысы:-Қазіргі таңда 1417 куб қар шығарылды. Бұл жұмыстар жалғасады. Түнгі уақытта бізде 630 тағы да техника және 500-ге жуық жол жұмысшылары кіріседі.
Қазір шаһардағы ахуал тұрақтанды. Кептеліс те көп емес.
Нұрхан Нұрланұлы, тілші:-Әкімдік өкілдері жол жиегіне қойылған көліктер қар тазалау жұмыстарына үлкен кедергі келтіретіндігін айтады. Сондықтан, олар жүргізушілерден заң талаптарын бұзбауды сұрайды. Себебі, синоптиктер Алматыда суық күн райы әлі сақталады деп болжап отыр.
Нұрхан Нұрланұлы