Нидерланды қатаң шектеу шараларын тағы үш аптаға ұзартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нидерланды қатаң шектеу шараларын тағы үш аптаға ұзартты

13.01.2021

Әлемде коронавирустың таралуы өршіп тұр. Германия карантинді тағы екі айға ұзартуды жоспарласа, Жапония 7 аймақта төтенше жағдай енгізді. Көптеген елдер қайтадан қашықтан жұмыс істеу режиміне ауысып жатыр. Вакцинация науқанын бастаған мемлекеттер қатары да күн сайын артып келеді.  

Индонезияда жаппай вакцинациялау науқаны басталды. Ел президенті Джоко Видодо екпені алғашқы болып салдырды. Ауқымды жоспарға сәйкес, препаратты 15 айда 181 миллионнан астам азамат қабылдауы тиіс.  

Джоко Видодо, Индонезия президенті: 
-Ковид-19 вакцинасы инфекцияның таралу тізбегін бұзып, денсаулықты қорғап, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аса маңызды. Ол халыққа сенімділік береді. Экономиканың қалпына келуін жылдамдатады. 

Ал Қытайда өткен тәулікте «ковид» 115 адамнан анықталды. Бұл – 5 айдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Науқастардың көбі Бейжіңге жақын аймақтарда тіркелген. Инфекцияның күрт өршуінен 4 қала карантинге жабылды.

АҚШ-та науқастар саны артып, ауруханаларда орын жетіспей жатыр. Дәрігерлер пациенттерді арнайы шатырларда қабылдауға мәжбүр.

Менди Хикки, аурухана директоры: 
-Ауруханада қайтыс болғандардың барлығы қарттар емес. Жастар өте көп. Індет ешкімді де аяп жатқан жоқ. 

Нидерланды қатаң шектеу шараларын тағы үш аптаға ұзартты. Мұнда індетке шалдыққандар саны 890 мыңға жуықтап қалды. Елде қаңтардың 15-нен бастап азық-түліктен басқа дүкендер жабылып, қызмет көрсету орындары жұмыс істемейді.

«Ковид» кесірінен Литва парламенті қашықтан жұмыс істеу режиміне ауысты. Кеше заң шығару органы алғашқы онлайн отырысын өткізді. Мұндай шешім үкімет үйінде 4 адамнан коронавирус анықталған соң қабылданған.

Жансая Қапасқызы 


Хабарламаларға жазылу