Алматыда қалың қардан 70-тен астам жол апаты тіркелді

13.01.2021

Алматыда қалың қар жауып, жол қозғалысы қиындады. Салдарынан түнгі сағат 03:00 бастап, түске дейін 70-тен астам жол апаты болған. 

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
Қалалық полиция басқармасының мәліметінше, жол апаттарынан 6 адам зардап шеккен. Абырой болғанда, бәрінің жағдайы жақсы. Осыған орай ведомство өкілдері көлік жүргізушілерін абай болуға шақырды. Осындай жағдайлар қаладағы жол қозғалысын едәуір қиындатады. «Оған қоса көбіне кейбір жүргізушілер жылдамдықты төмендетпейді, апаттық жағдайлар туындатады, сонымен қатар қауіпті маневр жасап, бір-біріне жол бермейді», - дейді полиция басқармасының өкілдері. Айтуларынша, жаяу жүргіншілер арасында жолды тыйым салынған жерден кесіп өтетіндер көп. Сондықтан осының барлығы жол қозғалысына айтарлықтай әсер етеді екен.
Жалпы таңғы 9:00 шамасында берілген мәлімет бойынша қардың қалыңдығы 10 сантиметрге жеткен. Қалалық әкімдік көктайғақты жою үшін дер кезінде тиісті шаралар қабылдады. Жол үстіндегі мұзды еріту үшін 2600 тоннадан астам арнайы материал себілген. Жалпы, қар тазалау жұмыстарына 630 техника мен 2 мыңға жуық қызметкер жұмылдырылған. Қазір тротуарлар, жаяу жүргіншілер аймағы, қоғамдық көлік аялдамалары, автотұрақтар, жер үсті өткелдері, саябақтар мен скверлерді тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Бүгін таңғы 9:00-ден бастап жол полициясы патрульдік көліктерінің еруімен арнайы колонналар ұйымдастырылды. Жалпы қазір шаһардағы ахуал тұрақты. Айтарлықтай кептеліс те жоқ. Дегенмен қарды тазарту жұмыстары әлі де жүргізілуде. 
жол апаты Алматы қалың қар

Хабарламаларға жазылу