Қырғызстанда президент сайлауы өтті. Алдын ала нәтижелер бойынша Садыр Жапаров алда келеді. Оған сайлаушылардың шамамен 83 пайызы дауыс берген. Осылайша 52 жастағы саясаткер Қырғызстанның алтыншы президенті атанды.
Қырғызстанда күні кеше өткен президент сайлауының соңғы нәтижелері әлі шықпады. Барлық дауыстар қолдан есептелуде. Десе де, Садыр Жапаровтың жеңіске жететіні айдан анық. Оның кандидатурасы жеткілікті дауыс жинағандықтан, сайлаудың екінші кезеңі болмайды.
Садыр Жапаров, президенттікке үміткер:
Құрметті қырғыз халқы, құрметті журналистер. Сіздерге менің кандидатурамды қолдағандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сіздердің дауыстарыңыз маған күш берді. Сенімдеріңізді ақтау үшін қолымнан келгенше аянбай еңбек етемін.
Жалпы сайлауға 17 кандидат қатысқан. Елде мемлекет басшысын сайлаумен қатар, референдум өтіп, халық билік формасын да таңдады. Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, дауыс берушілердің 80 пайыздайы президенттік басқару моделін жөн санайды.
Дуйшен Кулетов, жергілікті тұрғын:
Жасым 74-те. Мұндай сайлау науқанын бірінші рет көріп тұрмын. Президентті бүкіл халық таңдауда. Мен президенттік басқару үлгісі болғанын қалаймын.
Жексенбідегі сайлау мерзімінен бұрын өтті. Айта кетсек, Бішкекте қазанның 4-інде жаппай наразылық акциялары болып, президент Сооронбай Жиэнбеков отставкаға кеткен еді. Сол кезде абақтыда отырған Жапаровты демонстранттар түрмеден босатты. Оған «шеру ұйымдастырды», «адамды заңсыз кепілге алды» деген айыптар тағылған еді. Бостандыққа шыққан ол алдымен наразылық акцияларына жетекішілік етіп, кейін премьер-министр мен президенттің қызметін атқарушы болып тағайындалды. Қазір елдегі саяси ахуал біршама тұрақталған.
Жансая Қапасқызы