Былтыр елімізде жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 15,5%-ға өсті

08.01.2021

Өткен жылы жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 15,5% өсіп, 113,1 млрд теңгені құрады. Өсім тоқыма және киім өндірісі саласында ерекше байқалды. Айта кетейік, былтыр елімізде былғары және оған қатысты өнімдер шығару 150 пайыз өсім көрсетті. Бүгінде Қазақстан Үкіметі отандық жеңіл өнеркәсіп саласын қолдаудың бірқатар шараларын қолға алды. Олар: еркін экономикалық аймақтар, салық салудағы жеңілдіктер, несиелендіру, оқытуға квоталар мен гранттар, мемлекеттік инвестициялар.

Қайрат Кеңесхан қарапайым жұрттың қамын ойлаған отандық шағын-орта бизнес саласының өкілі. Ол жиһаз жасайды. Пандемия көптеген саланы тақырға отырғызып, тұрмысын тұралатса да, жиһаз жасаушыларға 2020 жыл табысты болды. «Жаз шыға той тойлап, тапқан-таянғанын сауыққа шашатын халық биыл үйіне жиһаз жинады»,-дейді кәсіпкер. 

Қайрат Кеңесхан, кәсіпкер:
Өткен жылмен салыстырғанда сауданың өтуінде өзгеріс жоқ. Сол қалыпта. Жұмысшыларымыз бәрі орнында. Қашықтан жұмыс істеп жатырмыз. Шикізат шет елден келеді. 

Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпте 1206 кәсіпорын бар. Оның 97% -ы шағын кәсіпорындар. Аталған салада нәпақасын тауып жүргендер саны 20,6 мың адамға таяу. 

Шағын және орта бизнес өкілдері өткен жылы құны 114 млн долларды құрайтын тауарды экспорттады. Сыртқа сатылған тауарлар тізімін мақта, төсек жапқыштар, тоқыма материалдар бастап тұр. Ал елімізге импортталған тауарлардың басым бөлігін киім-кешек, сөмке, чемодан құрайды.  

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма төрағасы:
Пандемияға байланысты «Самұрық-Қазына» қоры кәсіпкерлерді қолдауға көп жағдай жасады. Төлемақыларды төлеу мерзімі келісі жылдың шілдесіне дейін ұзарды.  

2019 - 2021 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамытудың Жол картасы әзірленді. Жол картасы кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, тауарлардың заңсыз саудасымен күрес, жергілікті үлесті арттыру, экономикалық ынталандыру және жүйелік қолдау шаралары бойынша 52 шараны қарастырады.

Ғабит Бөкенбай

жеңіл өнеркәсіп

Хабарламаларға жазылу