Павлодарда шағын индустриалды аймақ құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда шағын индустриалды аймақ құрылды

29.12.2020

Павлодарда шағын индустриалды аймақ құрылды. Бұл пандемия кезінде кәсіпкерлік ортаны одан әрі нығайту мақсатында жасалды. Яғни, шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлер қаржылық ресурстармен қамтамасыз етіледі. Бұл мақсатқа 45 млрд теңге бөлінді. Ең бастысы жұмыс орындарын қысқартпауға мүмкіндік жасалған.   

Анар Темірова төрт баланың анасы. Жеке кәсібін ашқалы бір-ақ жыл болды. Табысы жаман емес. Әсіресе «Еңбек» бағдарламасы арқылы жіп иіретін станок сатып алғалы жұмысы жүре бастады.

Анар Темірова, жеке кәсіпкер: 
-Маған алдымен 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант берілді. Одан кейін 4,5 млн теңге несие алдым. Жылдық өсімі 4 пайыз. Полеэфир жібінен түрлі бұйымдар тоқимыз. Бұл осы аймақта өте сирек бизнес болғандықтан мемлекеттіқ қолдауға ие болдық.  

Ал, Қалимаш Баталова- ісмер. Ол бұрын үйінде жұмыс жасайтын. Жақында шағын индустриалды аймаққа көшіп келді.

Қалимаш Баталова, жеке кәсіпкер: 
-Менің кәсібім қазақтың салт-дәстүрімен байланысты. Негізінде қыздың жасауын дайындаумен айналысамын. Қазіргі кезде тойдың азаюына байланысты кәсібім тоқтап қалмауы үшін Үкімет тарапынан бізге осындай жағдай жасалып жатыр. Жалға берілуі бәрі тегін, ешқандай ақша төлемеймін. Осы ғимаратта, осы жерде дүниелерімізді жасаймыз, өндейміз, сатамыз.  
Мархабат Садығазина, жеке кәсіпкер: 
-Егер де осындай жерді жалға алатын болса 60-80 мың теңге көлемінде қаржы жұмсайтын едік. 60-80 мың жалға төлейтін болсам жұмыскерімнің біреуінің жұмысы қысқарушы еді-деп ойлаймын. 

Қазір аймақтағы 1400-ге тарта кәсіпкерлік нысандары мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отыр. Соның арқасында капиталды жұмсаудың тиімді салалары табылды.

Медет Шоқанов, кәсіпкерлік және сауда басқармасы басшысының орынбасары: 
-Осы жылдың 12 қазанынан бастап «Жас кәсіпкер Ертіс» аймақтық бағдарламасы іске қосылды. 30 жасқа дейінгі жастарға 5 пайыздық өсіммен несие береміз. Бір айдың ішінде390 млн теңгеге 42 жоба қаржыландырылды.  

Пандемияға қарамастан ең бастысы жұмыс орындары сақталып қалды. Қазір өңірдегі тұрғындардың он пайызын шағын және орта бизнес өкілдері жұмыспен қамтып отыр.

Болат Аманбаев       


Хабарламаларға жазылу