Зейнетақы жинағының бір бөлігі қаңтардан бастап беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Зейнетақы жинағының бір бөлігі қаңтардан бастап беріледі

28.12.2020

Зейнетақы қорындағы қаржыны қаңтардан бастап пайдалануға болады. Заң қабылданды. Қазір беру тетіктері әзірленіп жатыр. Қордағы ақшаны бастапқыда көрсетілген мақсаттарға жұмсауды «Отбасы банкі», Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Денсаулық сақтау министрлігі реттейді.  

Қордағы ақшаны 1 млн-дай қазақстандық алады. Тұрғын үй жағдайын жақсарту, қымбат емге немесе басқарушы компанияларға қатысу. Осы үш санаттың біріне іліккендер үмітті. Олар зейнетақы қорында жинағы мен тұрақты жұмысы бар азаматтар. Ондай 760 мыңдай адам бар. Әрқайсысына 2,3 млн теңгедей тиесілі. Кейінгі топ – зейнеткерлер. Саны 170 мыңға жуық. Соңғылары зейнетақы аннуитетін рәсімдеген және зейнетақы қорында жинақтары бар азаматтар. Мұндағы 23 мың тұрғынға 2,5 млн теңгеден келеді. 

Ақмәди Сарбасов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірінші орынбасары: 
-Жалпы, осы үш санат бойынша шамамен 1 млн адам зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға, алуға құқылы. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, зейнетақы жинақтарының негізгі мақсаты – қартайған шақта тұрақты кірістермен қамтамасыз ету екенін атап өткім келеді. Сондықтан барлық азаматтарға зейнетақы жинақтарының ахуалын және отбасының қажеттілігін ескере отырып, оларды алып қою мәселесіне байыпты қарау ұсынылады.  

Әу бастан белгілісі жинақтың бір бөлігін алу үшін қорда қалатын соманың шегі бар. Бұл ер мен әйелге бірдей. Мысалы 35 жастағы азамат 2,9 млн теңгеден артық ақшасын ғана мақсатты түрде пайдалана алады. Осы ретте жаңа заңда отбасы мүшелерінің қаражатын біріктіру көзделген. Яғни салымшылар зейнетақы жинағының бір бөлігін жақын туыстары үшін де пайдалана алады.

Қаңтардан бастап «Отбасы банкінде» тұрғын үй жағдайын жақсарту бойынша зейнетақы жинақтарын пайдалануға арналған онлайн платформа іске қосылады. Онда тұтынушылардың қажетіне қарай сегіз бағыт көрсетілген. Сондай-ақ емделу мақсатында да нақты шарттар белгіленді. Науқас жергілікті емханаға барып дәрігерлік комиссияның қорытындысын алуы тиіс.

Нысаналы Ығыл


Зейнетақы жинағы

Хабарламаларға жазылу