«ADAL» партиясының өкілдері Хромтауға барды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«ADAL» партиясының өкілдері Хромтауға барды

24.12.2020

Саяси партиялардың облыстарда үгіт-насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Мәжіліс депутаттығына үміткерлер сан-сала бойынша алға қойған мақсаттарын баяндады. Тұрғындардың мәселелерін тыңдап, жұмысшылардың жағдайына қанықты.  

Қазақстанның халық партиясы сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын Павлодар облысында жалғастырып жатыр. Партия мүшелері Ақсу қаласына барып, ферроқорытпа зауытының қызметкерлерімен жүздесті. Кәсіпорынның жұмыс барысымен және ондағы мәселелермен танысты. Айта кеткен жөн, зауыт жыл сайын 1 млн тонна әртүрлі ферроқорытпа үлгілерін шығарады. 6 жарым мыңға жуық қызметкері бар. Депутаттыққа үміткерлер жергілікті жұмысшылардың проблемалары мен ұсыныстарын тыңдап, тұғырнаманың негізгі стратегиялық бөлімдеріне тоқталды. Халықшылдардың айтуынша, отандық экономика жаңғыртуды талап етеді. Сондықтан шикізат тәуелділігінен кезең-кезеңімен арылу қажет. 

Нұрболат Теміров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер: 
-Әлемде орын алған жағдайға байланысты бірінші кезекте денсаулық мәселесін көтерді. Сапалы және қолжетімді медицина саласы оны барлығымыз білеміз қандай жағдайда орын алғанын. Ақсу қаласында, Павлодар облысында жаз айларында өте қиын жағдай болды. Одан кейін жастар мәселесі қашан да өзекті. Жастардың сапалы қолжетімді әрі тегін білімі бойынша мәселелерді көтерді. 

Осылайша, Ақсу қаласының тұрғындарымен болған кездесуге сапалы медицина, тегін білім мен қолжетімді баспана тақырыптары арқау болды. Өндіріс орындарындағы жұмысшыларды зейнетке ертерек шығару және шығарар алдында олардың қызметтік жүктемесін азайту бастамалары да көтерілді. Осы және басқа да сұрақтар партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған. Партия өкілдері халық пен билік арасында тығыз байланыс орнауы керектігін айтты. Азаматтар елдің саяси өміріне етене араласу қажет, дейді халықшылдар. Осы мақсатта арнайы қоғамдық кеңестер құру туралы сөз болды. 

Сейдахмет Қайқыбаев қазір 56 жаста. Ол өмірінің 34 жылын осы аккумулятор шығаратын зауытта өткізген. Алғашқыда қатардағы жұмысшы болып келіп, қазір директордың өндіріс бойынша орынбасары деңгейіне жетті. «Ақ жол» партиясының өкілдері дәл осындай еңбек адамдарын назардан тыс қалдырмауға шақырады. Өйткені, тәжірибелері көп. Жастарға жол көрсетеді. Қала берді, ешкімге жалтақтамай, өз-өздерін толыққанды қамтамасыз етеді. 

Сейдахмет Қайқыбаев, зауыттың директорының өндіріс бойынша орынбасары:  
-Енді зауытпен бірге өсіп келе жатырмыз. Әлеуметтік жағынан көптеген қолдаулар бар. Сондықтан, біздің жұмысшылар тұрақты жұмыс жасайды.   

Азат Перуашев бастаған топ зауыттың тыныс-тіршілігімен танысып, қарапайым жұмысшылармен тілдесті. Көкейде жүрген мәселелерін білді. Ал, зауыт басшылығымен өндіріске қатысты түйіткілдерді талқылады. Әсіресе, сыртқы саудадағы қиындықтар, шикізаттың негізсіз қымбаттығы және мемлекеттік қолдаудың жайы сөз болды.

Азат Перуашев, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы: 
-Өзіміз шығаратын металдарымызды, өз жерімізден алған табиғи металдарымызды олар шетелге сатып жатыр. Ал, өзімізге, өзіміздің өндірушілерімізге, сол металдан дайын өнімдер шығаратын, мысалы аккумулятор шығару үшін бағаларын Лондондағыдай қойғысы келеді. Бұл меніңше дұрыс емес.  

Ал, зауыт жұмысшыларымен кездесу барысында өндірістік қауіпсіздік, оның ішінде, металмен жұмыс істейтін адамдардың денсаулығы жіті назарда болу керектігі айтылды. Зейнет жасын қысқарту мен зейнетақы қорындағы ақшаны алуға қатысты тың ұсыныстар да алға тартылды.  

«Адал» партиясы Ақтөбе облысындағы үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бүгін депутаттыққа үміткерлер Хромтау қаласына барып, жергілікті тұрғындармен бірнеше жиын өткізді. Дәрігерлермен кездесу барысында медицина мамандарының мәртебесін көтеру және оларды әлеуметтік қамтамасыз етуге қатысты бірқатар ұсыныстар айтылды. Ал орта білім беру мекемесіндегі жиында негізінен хромтаулықтарды алаңдатып отырған мәселелер талқыланды.

  Лаура Мәлікова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер:  
-Кездесу барысында халықтан кредиттің жоғары пайызына қатысты, инвалидтікті алуға, көпбалалы аналардың мәселелері, қаладағы көшелерді газдандыру және сумен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Біз халықтың осы сұрақтарына жауап бердік.   

«Адал» партиясының атынан депутаттыққа ұсынылып отырған үміткерлер Ақтөбе қаласындағы сүт зауытының қызметкерлерімен кездесті. Жиында партия өкілдері сайлауалды бағдарлама жөнінде баяндап, жұмысшылардың құқығын қорғауға қатысты бірқатар ұсыныс айтты. Сондай-ақ, зейнетке шығу жасы да кездесуде қызу талқыланды. Осы орайда партия өкілдері тиісті заңнаманы қайта қарау керек деген пікірді ұстанып отыр.

Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер:   
-Расымен цехтарда жұмыс істейтін, металлургияда шахтерлер, медбикелер бар, біз таңдау беруіміз керек. Біреулер шынымен энергиясы мықты, жұмыс істей бергісі келетін шығар 60 жасқа дейін. Бірақ 53-тен кейін таңдау еркін беру керек. Зейнетке шыққысы келе ме, шықсын. «Жоқ, ары жұмыс істей беремін» десе тағы өз еркі. Осылай таңдау жасауымыз керек. Өйткені ауыр салаларда жұмыс істейтіндерге қиын. Әсіресе, әйелдерге.  

Асима Нұрбайқызы, Нысаналы Ығыл


ADAL партия сайлау

Хабарламаларға жазылу