Түркістан облысында тұрғындар үйді газ баллонымен жылытып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында тұрғындар үйді газ баллонымен жылытып отыр

23.12.2020

Түркістан облысының Ордабасы ауданында тұрғындар үйді газ баллонымен жылытып отыр. Газ баллонынан қауіптенгендер екі қабатты үйлерде амалсыз пеш жағады. Жергілікті билік газ беріледі деп былтыр құбыр тартқанымен, уәдесін орындамаған. Қазір аудандағы 57 елді мекеннің тек төртеуі ғана көгілдір отынның игілігін көруде.   

Пәтерінің ас бөлмесіне шағын пеш орнатып алған Гүлсара Оразбаева бірнеше жылдан бері от жағып келеді. Былтыр құбыр тартылғанда қуанышында шек болмады, сұраған ақшасын да берген, бірақ көгілдір отынды кірігізіп береміз дегендер сол күйі жоқ деп күйінеді.  

 Гүлсара Оразбаева, ауыл тұрғыны:    
- Өзім 65 мың төледім. Бірақ даладан құбыр жүргізді, ал үйді-үйге кіргізген жоқ. Мінекей, көмір жағып қолымыз күйе-күйе болып отырмыз.  

Темірлан ауылында барлығы 4 мыңнан астам баспана болса, соның 25-і қосқабатты үйлер. Көгілдір отын болмаған соң, мұндағы 284 пәтердің дені газ баллонын пайдаланады. Бала-шағаның қауіпсіздігіне алаңдаған жұрт баллон жарылса үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқады. Газды кіргізу үшін құжат жинаудан әбден шаршадық дейді тұрғындар.

Гүлшат Оразбақ, ауыл тұрғыны: 
- Мен осымен бесінші рет өткіздім. Бір ай бұрын апарып, тағы да өткіздім. Сіздің құжатыңыз Түркістанға кетіп қалған дегелі міне үш ай болды, әлі Түркістаннан келмейді.  

Ал, көгілдір отынды кірігізіп береміз деген мекеме құжат рәсімделмей шаруа шешілмейді деп асығар емес.

Шалқар Омарбеков, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркістан облыстық өндірістік филиалының директоры: 
- Темірлан бойынша бізге бүгінгі күнге 300-ге жуық құжаттар жұмыста, аудан бойынша мыңға жуық құжаттар қазір дербес шот ашуға жүзеге асырылып жатыр. Уақытысында бәрін қарап, қосып береміз деп уәде береміз.  

Қазір Ордабасы ауданындағы 57 елді мекеннің тек төртеуі ғана көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Қалған ауылдарға газ жеткізу үшін жобалау сметалық құжаттары әлі жасалмаған. Сондықтан бұл елді мекендердегі онмыңдаған тұрғынға күтуден басқа амал жоқ.

Айнұр Ақбаева 


Хабарламаларға жазылу