Ақтөбедегі Жаңақоныс ауылының тұрғындары жылусыз қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбедегі Жаңақоныс ауылының тұрғындары жылусыз қалуы мүмкін

08.10.2022

Ақтөбе қаласына қарасты Жаңақоныс-4 ауылының тұрғындары көгілдір отынды күткелі 4 жылдан асты. Тұрғындар жергілікті биліктің құр уәдесінен шаршадық, дейді. Келісімшарт бойынша газды он күн бұрын қосуы тиіс болған. Алайда, жауаптылар тағы да үлгерген жоқ. Ауылда көгілдір отыннан бөлек ауыз су мәселесі де өзекті.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл аумақтан 4 жыл бұрын мың жарым адамға жер учаскелері берілген. Көбі баспаналарын тұрғызып та алды. Қазірдің өзінде жүзге жуық отбасы тұрып жатыр. Алайда, көгілдір отын берілер емес. Мұндағы жұрт енді қыстың көзі қырауда далада қаламыз ба деп алаңдап отыр.

Алаңдауға себеп те бар. Өйткені, тұрғындардың көбі көгілдір отын келеді дегенге сеніп, қыруар қаржыға үйлерінің ішкі әрлеуін де аяқтап қойған. Баспанада жылу болмаса, сылақтары мен тұсқағаздары түсіп, еңбегіміз еш кетеді, дейді. Қазірдің өзінде көбі газ баллонын қолданып, үйді электр пешімен жылытып отыр.

Нұрдәулет Әбдірахманов, тұрғын:

Газ жоқ. Электр жылытуымен отырмыз. Газды күтіп отырмыз. Жасаған жөндеуіміз зая кетейін деп тұр. Қаншама ақшаға істеттік.

Жаңа ауданда қазірдің өзінде 500-дей үй салынған. Көбі газ бен су болмағандықтан құрылысын кешеуілдетіп, көшіп келе алмай отыр. Ал, басқа баспанасы жоқтары амалсыз тұрып жатыр. Кейбірі қыруар қаржыға құдық қаздыруға мәжбүр болған. Ал, ауыл ортасындағы жалғыз құдықтың суы ішуге жарамсыз.

Бағдат Сейілхан, тұрғын:

Бізде қазір үйде жылу жоқ. Кішкентай балалар бар. Биыл мердігер компания сәуір айында жұмысты бастады. Ол жұмыс аяқталған жоқ. Әкімдікке бірнеше мәрте жаздық, арыздандық. Бірақ біздің мәселемізді әлі ешкім шешкен жоқ.

Амалы таусылған тұрғындар бүгін әкімдікке келді. Олармен кездесуге облыс әкімінің орынбасары бастаған топ шықты. Айтуларынша, ауылға газ тарту үшін 290 миллион теңге қарастырылған. Бірақ қажетті құрылғылар шет елден әлі жеткізілмеген.

Әділбек Таңкеев, қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Уақытында жасалынбай қалды. Оның себебі – 20 ГПРЧ қазір жетпей тұр. Ол Ресейдегі шиеленісті жағдайға байланысты келуінде қиындық болып жатыр. Келесі аптаның четверг-пятницасында бәрі клеіп болады. Қазіргі кезде 900 ГПРЧ қондырылып болды.

Жауаптылар көгілдір отынды осы айдың ортасына дейін қосып беруге уәде берді. Ал ауыз су мәселесі әзір шешілмейді. Өйткені, жақын маңайдан жер асты қоры анықталмаған.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу