Астанада тұрғындар апатты үйді бұзуды талап етіп отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астанада тұрғындар апатты үйді бұзуды талап етіп отыр

15.05.2018

Астанада апатты үйдің тұрғындары үйіндінің астында қаламыз ба деп қорқады. Баспананың кірпіштері құлап, қабырғасы жарылып тұр. Әкімдіктегілер болса, құлағалы тұрған үйді сүрудің орнына, несие алып, жөндеу жасауға кеңес берген. Янушкевич көшесінің тұрғындары бұл ұсынысқа қарсы шығып отыр.

«1962 жылы салынған ғимарат жөндеуге келмейді», - дейді тұрғындар.

Қалдықыз Дауылбаева,  қала тұрғыны:

- Әкімдіктегілер 2 рет келіп жиналыс өткізді. Үйге жөндеу жүргіземіз  дейді. Ол бізге тиімсіз, сүрілсін. Үй жөндеуге келмейді.

Мағрипа Хасенова, қала тұрғыны:

- Неше түрлі ауру шығып жатыр. Тазалық жоқ. Жазда құрт жүреді. Ремонттың ақшасын несиеге ақша алғандай төлеуіміз керек. Қалай төлейді? Өздері пәтердің ақшасын төлей алмай отырған адамдар.

Үйдің іші де оңып тұрған жоқ. Сиқы адам шошырлық. Қабырға жарылып, құбырлар шіріп кеткен. Әжетхана мен су ішетін жер бір қуыста. Одан шыққан сасық иіс қолқаны қабады.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

- Бұл үйде бір емес, екі рет өрт болған. Өйткені, электр желілері әбден тозған. Жарық шамдары сынып, сымдары үзілген және сырттан келген адамға дәліздегі иіске шыдау мүмкін емес. Бетперде киюге тура келеді. Ал, мұнда адамдар 20-30 жылдап тұрып жатыр.

Жертөлесі де қоқыстан арылмайды. Сәл жаңбыр жауса, суға толады.

Балбырауын Нағыметова, қала тұрғыны:

- Бұл жер сыз, ауру адамға мұнда тұруға болмайды.

Апатты үй ең алғаш 2008 жылы сүріледі деп уәде берілген. Содан бері 10 жыл өтті. Осы аралықта талай әкім ауысса да, апатты үйді бұзуға әлі келер емес.

Рустем Абдрашев, Байқоңыр ауданы әкімі аппараты бөлім басшысының міндетін атқарушы:  

Янушкевич 12 және 12/1 үйлерінің тұрғындарымен кездесу өткіздік. Бұл үйлер 2020-2021 жылдары бұзылады деп жоспарлануда. Нақты қашан екенін айта алмаймыз. Бірақ, біз «үйді жөндеңіздер» деп нақты айтқан жоқпыз. Бұл мәселе Астана қаласы әкімдігінде қаралып жатыр.

Қалалық әкімдік апатты үйдің тұрғындарына екі аптадан кейін жауап беруге уәде еткен.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу