ҚХП өкілдері жастармен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ҚХП өкілдері жастармен кездесті

22.12.2020

Баспананың қолжетімді болмауы, білімнің ақылы әрі қымбаттығы, жұмыссыздық мәселесі. Партиялар өңір жұртшылығымен кездесулерін жалғастырып, осы және өзге де өзекті мәселелерді талқылап жүр.  

Сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары шеңберінде Парламент Мәжілісінің депутаттығына Қазақстан халық партиясы атынан түсіп жатқан үміткерлер жоғары оқу орындарының студенттерімен жүздесті. Олар көкейдегі сауалдарына жауап алды. Партия мүшелері жастардың мәселесін сайлауалды бағдарлама шеңберінде шешу жолдарын түсіндірді. 

Жамбыл Ахметбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер:   
-Негізгі мәселелердің барлығы қай жерде болсын көтеріп жүрген ақысыз білім. Оның ішінде жоғарғы білім алу саласын ақысыз қылдыру. Екінші мәселе қазіргі көтеріп отырған тұрғын үй мәселесі. Қазіргі кездегі біздің экономикамызға жастардың қосу үлесінің өте аздығы, олардың жұмыссыздықтары, олардың білім алғаннан кейін жоғары оқу орындарын бітіргеннен кейін шетелге қарай ауысып, шетелге барып қызмет атқаруы. 

Ал осы уақытта «қызыл» автобус үгіт-насихат жұмыстарын Тараз қаласында да жалғастырып жатыр. Делегация былтыр тұрмыстық газдың жарылуы салдарынан қираған 5 қабатты тұрғын үйдің тұрғындарымен кездесті. Зардап шеккен отбасылар жергілікті әкімдік тарапынан көмектің жеткілікті деңгейде болмай жатқанын айтты. Қазақстанның халық партиясының өкілдері зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылар тұратын тағы бір апатты үйдің жағдайын көрді. Осылайша, партия белсенділері өңірлердегі тұрғындардың мәселесін өз ауыздарынан естіп, өз көзімен көріп жүр.   

«Nur Otan»-ның Республикалық сайлауалды штабы Маңғыстау облысына барды. Партия өкілдері аймақтағы ауылдар мен қалалардың тұрғындарымен, сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындар қызметкерлерімен және тағы басқа да азаматтармен кездесті. «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» энергетикалық комбинатының ұжымымен кездесуде еңбек қауіпсіздігі жағдайларын жақсарту және өндірістік жарақатты азайту бойынша партия ұсынған шараларды талқылады. Заңнамаға еңбек даулары мен жанжалдарын шешу тәртібін жеңілдету, еңбек заңнамасын бұзатын адамдардың жауапкершілігін қатаңдату бойынша түзетулер енгізу туралы «Nur Otan»-ның бастамасы қолдауға ие болды. Бірқатар нақты ұсыныстар айтылды. Мысалы, Айболат Шарау Маңғыстау тұрғындарының атынан өңірдің басты экологиялық проблемаларының бірі – «Қошқар Ата» құрамында уран бар қалдықтар қоймасын рекультивациялау қажеттігі мәселесін көтерді.  

2003 жылы елімізде 7660 ауыл болған. Қазіргі таңда бұл сан 6322-ге дейін азайған. Сонда, айналдырған 17 жыл ішінде 1328 ауыл жер бетінен жойылған. Қазірдің өзінде 3 мыңға жуық елді мекеннің болашағы белгісіз. «Ауыл» партиясын алаңдатқан бұл мәселе бүгінгі таңда өзекті. Себебі, дәл осылай жалғаса беретін болса, ауыл мен ауылшаруашылығының келешегі бұлыңғыр. Ұйымның белсенді мүшесі «ауылдан ауылға» акциясы аясында осылай деді. Николай Арсютиннің айтуынша, ауылдан халықтың үдере көшуін тоқтату керек. Ол үшін партия мүшелері бес бағытты қамтитын бағдарлама әзірледі. Орловка - әлеуметтік-экономикалық, технологиялық процестердің дұрыс жүргізілуінің арқасында халқы қалаға көшпеген, әлеуметтік ахуалы жақсы іргелі мекен. Жұмыссыз жүрген тұрғын жоқ. Егін салады, мал өсіреді. Бау-бақшасы бар. Партия мүшелерінің сөзінше, дәл қазіргі уақытта еліміздегі әр ауыл осындай болуы тиіс. Оған мүмкіндік те бар.  

  Ермат Байғұрманов, «Ауыл» халықтық -демократиялық патриоттық партиясы облыстық штабының төрағасы:  
-Ауылдың проблемалары осы күнге дейін шешілмей келгені біздің ойымызша заңды түрде әлі заңдар қабылданбай тұр. Жейтін, ішетін тамағымызды біз шетелден алатын болсақ, бүгінгі күнгі статистика бойынша 40-60 процентке дейін ет пен сүт әлі сырттан келіп жатыр. Құр сөзбен ғана жүрміз. Өндіретін шараларды қазір ауылға істеуіміз керек. 

Абай қаласындағы тігін фабрикасы өткен ғасырдың 60 жылдары бой көтеріп, өндірісі дүркіреп тұрған. Тәуелсіздік алған жылдары жағдайы қиындап, алып ғимарат қаңырап бос қалды. Тек бертін келе ғана, яғни, 2017 жылы жергілікті Нұрхан Жұмабеков есімді азамат өндірісті қайта жаңғыртты. Жөндеу жасады, құралдар сатып алды. 120 адамды жұмыспен қамтыды.

Нұрхан Жұмабеков, тігін фабрикасының басшысы: 
-Қазір отандық өндірісті қолдайтын бағдарлама көп. Бірақ, олардан көмек болмай тұр. Өйткені, мен қанша жылдан бері қолдау сұрап жүрмін. Құзырлы мекемелер мен банктер әртүрлі себепті желеу етіп, мемлекеттің көмегін бергісі келмейді. 

Бұл азамат алдағы уақытта фабрика жанынан жатақхана мен асхана ашып, жұмысшыларға жайлы жағдай жасағысы келеді. Өндіріс ауқымын да кеңейтсем дейді. Бірақ, барлығы қаржыға келіп тіреледі. «Ақ жол» партиясының өкілдері Нұрхан сияқты отандық тауар өндірушілерге жан-жақты қолдау болса,- дейді.

Сұлтанхан Аққұлұлы, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер:  
-Үкімет тарапынан кәсіпкерлікті, отандық тауар өндірушіні қолдау туралы неше түрлі бағдарлама болуы мүмкін. Бағдарлама бар да. Бірақ, олар шағын кәсіпкерліктің өзіне тікелей жетіп жатқан жоқ.

Бүгін «Адал» партиясының өкілдері Атырау халқымен онлайн форматта кездесті. Айта кетейік, қазір аталған облыс эпидемиологиялық ахуалға байланысты қызыл аймаққа енгізілген. Жиында өңір тұрғындарын мазалаған әлеуметтік мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, азық-түлік бағасының қымбаттауына қатысты сұрақтар жиі қойылды. Партия өкілдерінің мәліметінше, Атырауға шет елден жылына 6 миллиард теңгенің өнімі импортталатын көрінеді. Осы орайда депутаттыққа үміткерлер әр өңірдің даму картасын әзірлеуді ұсынды. Бұдан бөлек, кездесуде жол сапасы, субсидия беру тәртібі, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, зерттеу институттарын дамыту, халықты сапалы ауыз сумен қамту сияқты мәселелер де талқыланды. Сондай-ақ аймақтағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және және жаңа баспана санын көбейтуге қатысты ұсыныстар айтылды.    

  Дәулет Мұқаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер:  
-Жастар арасындағы жұмыссыздық. Себебі, мұнай саласында еңбекке жарамды адамдардың тек 12 проценті ғана мұнай саласында. Сәйкесінше, олардың табысы көп деген сөз. Ал қалған 88 процент халықта қарапайым жұмыс істеп жүр деген сөз. Баспана хит пен «7-20-25» екеуін біріктіріп, халыққа оңтайлы 6 проценттік ипотека ұсынғымыз келеді. Себебі, Үкімет 5 проценттік субсидиясын жасай береді. Беске алтыны қоссақ он бір. Баспана хиттің 11 проценттік деңгейі тұра береді.  

Асима Нұрбайқызы, Нысаналы Ығыл 


ҚХП сайлау партия

Хабарламаларға жазылу