Соңғы 10 айда елімізде 21 газ баллон жарылысы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Соңғы 10 айда елімізде 21 газ баллон жарылысы болды

21.12.2020

Газ баллонның тек 85 пайызын сұйық газбен толтыру керек. Одан көп болса, қысымы артып, жарылып кетуі мүмкін. Бұл осы құрылғыдан болатын төтенше жағдайдың бір ғана себебі. Тұрмыстық жағдайда газ-баллонды дұрыс қолдану үшін тағы нені ескеру керек? Раушан Сайлауқызының материалы.  

Сол қорқынышты күн Кәрібай атаның есінен әлі кетер емес. Осыдан 10 шақты жыл бұрын үйдегі баллоннан от шығып, абырой болғанда сөндіріп үлгереді. Бір апаттан аман қалған отбасы әлі күнге дейін газ баллонды тұтынудан қорқады. Қолданбасқа да амал жоқ.

Кәрібай Танкиев, қала тұрғыны: 
- Оның сапасы қандай?Оны тексеретін бізде орын жоқ. Әкелеміз қолданамыз.  

Жеке сектордағы баспанадан бөлек, көпқабатты үйлерде әлі күнге дейін баллон қолданып отырғандар жетерлік. Заң бойынша екі қабаттан жоғары үйлерде мұны пайдалануға тыйым салынған. Ал әкімдік жанынан құрылған газ инспекциясы бөлімі тек газгольдерлерді қадағалайды. Ал баллон тексеру міндетін жеке компанияларға берген.

Думан Жайылбеков, қалалық газ инспекциясы бөлімінің аға инспекторы:
-Біз газ баллондарды тексермеміз. Баллонның жарамды жарамсыздығын, газ құю станциялары тексереді. Біздің құзіретімізге рейдтер жасау берілмеген.  

Жеке мекемелердің бірі - Қызылордадағы газ құю станциясы. Мұнда Белоруссия мен отандық кәсіпорындардың баллоны жеткізіледі. Зауыттан жаңа шыққан баллон 5 жылға жарамды,-дейді мамандар. Тұтынушылар оны әр үш жыл сайын тексертуі қажет.

Айбол Есетов, газ құю станциясының басшысы:   
-Сырт пішініне қарап, оның майысқаны, шірігені, тесілгені, қадағаланады. Сыртында құжаты болады. Сол құжатқа байланысты құяды. Егер жарамсыз болса, утилизацияға жіберіледі.  

Елімізде газ құю станцияларына қарағанда, алыпсатарлықпен айналысатын мекемелердің саны көп. Олар баллонның мұндай ерекшеліктеріне жіті мән бермейді.

Раушан Сайлауқызы, тілші: 
-Баллондардың жарылуына бірнеше себеп бар. Біріншісі баллонның тозығы жетсе, немесе кейбір бөлшектерінің ескіруі. Екіншіден баллон көлемі қандай болмасын тек 85 пайызын толтыру керек. Одан асып кетсе, және суық қалпында қолданса қысымды көтере алмай жарылып кету қаупі өте жоғары. Үшінші себеп, пештің немесе өзге де электрлі құрылғылардың әсерінен баллонның қатты қызуы. Төртіншіден тұрғындардың өрт қауіпсіздігін ескермеуі.   

Тұрғындардың құжаты бар, аккредиттелген арнайы газ құю станцияларына барып, баллонды тексертіп, толтырғаны қауіпсіз. Бұл талапқа бей-жай қарамаған жөн,- дейді мамандар. Салғырттықтың салдарынан соңғы 10 айда елімізде 21 газ баллон жарылысы болды. 38 адам зардап шегіп, 9 адам қаза тапты. 

Раушан Сайлауқызы


газ баллон жарылыс

Хабарламаларға жазылу