Шетелдік банктердің нарыққа енуіне қатысты сарапшылар не дейді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдік банктердің нарыққа енуіне қатысты сарапшылар не дейді?

20.12.2020

Қазақстан 2015 жылғы қарашының 30-нан бері Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі екені белгілі. Бірақ сол ұйымға кіргендегі келісімшартта бірқатар сала бойынша, оның ішінде банк және сақтандыру қызметі де бар, 5 жылдық «өтпелі кезең» қарастырылған болатын. Бұл – нарықты бәсекеге дайындап алу үшін берілген мерзім. Сол «өтпелі кезең», Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2020 жылғы 21 қыркүйектегі Қаулысына сенсек, 16 желтоқсанда аяқталды. Енді шетелдік банктер мен сақтандыру компаниялары Қазақстанда филиалын аша алады. Әйтеуір, келісім бойынша солай.  

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне ресми сауал жолдағанбыз. Олар әзірге комментарий беруден бас тартып отыр. Себебі Агенттіктің Қаулысы қабылданғанымен, Парламентте бұған қатысты заң әлі қаралып жатыр, деді. 

Банк, қаржы салалары бойынша сарапшы Олжас Құдайбергенов бір интервьюінде «Өкінішке қарай, біздің банк секторы – зомби-сектор. Олар қазіргі заманға сай эволюциялануға үлгермей жатыр. 5-6 жылдан кейін цифрлық банктер дәстүрлі банктерден шағын және орта бизнес пен бөлшек саудадағы барлық өнімдерін алып қояды. Дәстүрлі банктерге қалатыны – корпоративті сектордың ірі клиенттеріне қызмет көрсету ғана. Ал бұл банк бизнесінің дамуы үшін тиімсіз», деген.

Демек, шетелдік банктердің нарыққа енуінің түрлі қыры бар. Сарапшының айтып отырғаны ұлттық экономикалық қауіпсіздік мәселесі. Бірақ шетелдік банктер кірсе, тұрғындарға мөлшерлемесі аз несие алу мүмкіндігі туады деген әңгіме айтылады. Шын мәнінде несие мөлшерлемесі қаржыландырудың құнына да байланысты. Егер шетелдік банктің филиалы жергілікті қаржыландыруды пайдаланса, несиелендіру шарты отандық банктердегідей болады. Ал егер шетелдік банк филиалына қаржыны бас кеңсесі құятын болса, АҚШ долларымен берілетін несиелер мөлшерлемесі аздау болады, себебі қаржыландыру арзандау. Заң қабылданғасын тақырыпты кеңірек тарқатамыз.


Хабарламаларға жазылу