Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отырған банк көп - агенттік - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отырған банк көп - агенттік

28.09.2023

Елімізде 2000-шы жылдары 145 банк болса, қазір небәрі 21-і жұмыс істеп тұр. Біразы банкрот болып, жабылса, кейбір шетелдік банктер нарықтан кетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен Жолдауында экономикалық жобаларды қаржыландыруды ұлғайту мақсатында сенімді үш банкті тарту қажет екенін айтқан еді. Содан кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстанның банк нарығына бірнеше шет елдің инвесторлары қызығушылық танытып отырғанынын ресми мәлімдеді.

Экономикалық сарапшылар да, Қаржы нарығын реттеу агенттігі де елімізге шетелдік банктердің келуі нарыққа оң серпін береді дейді. Банктер өзара бәскелесіп, қаржы институттарының инновациялық өнімдері артатынын алға тартып отыр. Яғни, жаңа шетелдік банктер экономиканың өнеркәсіптік және өндірістік секторларын қаржыландыру үшін жұмыс істейді.

Қазір Қазақстанда айналымында 46триллион теңгесі бар 21 банк бар. Оның біреуі тек ипотекалық бағдарламамен жұмыс істейді. Ал 8-і шетелдік банктердің еншілес ұйымдары. Олардың жалпы активтері 3,6 триллион теңге. Бұл шетелдік банктерге жеке және заңды тұлғалардың салған депозит көлемі де біршама: 2,6 трлн теңге. Ал кредиттік портфелдің үлесі 700 миллиард теңге. Алдағы уақытта бұл көлем ұлғаяды деп күтілуде.

Сәкен Жұманәлі, ҚР ҚНР Банктерді реттеу департаментінің бас маманы:

Қазақстанның банк нарығына әр түрлі өңірлердің инвесторлары қызығушылық танытып отыр. Олар Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Еуропа және ТМД елдері. Шетелдік банктерге қойылатын барлық отандық отандық банктерге қойылатын талаптарға сәйкес. Ол лицензиялау, пруденциялық нормативтер және депозитті сақтандыру жөнінде талаптар болып табылады. Олар халықтың салымдарына кепілдік беруі тиіс. Ең бастысы, еліміздің нақты секторына кредит беруде белсенді қатысуы керек.

Десе де, банктер қарызды 16 жарым пайыздан төмен бермейді. Өйткені, сырттан келген банктің өзі Ұлттық банктен теңгені осындай пайызбен алады. Тәуекел шығындарын қосып, клиентті тарту үшін бастапқыда, ең төменгі пайызбен кредит беруді, жоғары пайызбен депозитте қаражат жинауды ұсынады,-дейді экономистер. Сондай-ақ, жаңадан келетін қаржы ұйымдарының бағыты кәсіпкерлікті қолдау болса, екіжақтың да ұтылмайтынын алға тартып отыр.

Расул Рысмамбетов, экономист:

Біздің экономика шетелдік банктер үшін ең тартымды десек болады. Қазақстанда облигацияларды да, кәсіпкерлік жобаларды да іске асыруға болады. Бізде банктер жеке тұлғаларды несиелендіру жағынан жақсы, ал корпоративті кредитті беруге келгенде қорқақтайды. Тәуекелдері жоғары. Білуімше, қазір 4 банктің акционерлері оны шетелдіктерге сатып жіберуге қарсы емес.

Егер шетелдік банк Қазақстанда жаңадан банк бөлімшесін ашатын болса, қорында кем дегенде 10 миллиард теңге болуы қажет. Ал елімізде жұмыс істеп тұрған қаржы ұйымының еншіліс бөлімшесін іске қосса, түрлі тәуекелдерді ескере отырып, нарыққа 20 миллиард теңгемен кіруі қажет. Айта кетейік, Қаржы нарығын реттеу агенттігінің шетелдік банктердің филиалдары үшін тағы бір талабы -жеке тұлғалардың депозиттерін 120 мың АҚШ долларынан аз көлемде қабылдауға тыйым салады. Яғни, қарапайым ел азаматтары жиған-тергенін отандық банкке салып қана пайдасын көре алмақ.


Әйгерім Ердәулет

Хабарламаларға жазылу